Қыркүйектің 8-і мен 10-ы аралығында Орал қаласында самбо шеберлері арасында әлем чемпионаты өткен болатын. Оған әлемнің 14 елінен 300-ден астам самбо ардагерлері өзара мықтыны анықтады. Дүбірлі додаға солтүстікқазақстандық спортшы Дәурен Нұрғожин қатысып жүлделі 3-ші орынды иеленді. Жерлесімізді туған-туыстары мен жанкүйерлері қошеметпен қарсы алып, оған ат мінгізді. Әріптесімнің сюжетіне зер салсақ.


 Қыркүйектің 8-і мен 10-ы аралығында өткен самбо шеберлері арасындағы әлем чемпионатына бір кездері халықаралық деңгейде өнер көрсеткен ардагерлер қатысты. Байрақты бәсеке – жастарға үлгі болсын деген ниетпен ұйымдастырылған. Дүбірлі сайыста әлемнің 14 елінен 300-ден астам спортшы бас қосып, шын мықтыны анықтады. Еліміздің намысын қорғаған жерлесіміз Дәурен Нұрғожин 88 келі салмақ дәрежесінде күресіп үшінші орынды иеленді. Самбо шеберін туған-туыстары мен жолдастары құттықтап, ат мінгізді.


 Дәурен Нұрғожин боз кілемде 4 кездесу өткізіпті. Айтуынша, барлық қарсыластар мықты дайындықпен келген. Жерлесіміз сайыс барысында Қазақстан мен Азия чемпиондарын жңіп, оңай шағылар жаңғақ емес екендігін көрсетті.


ДӘУРЕН НҰРҒОЖИН, САМБОДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ:

«Бірінші кездесуде биылғы Азия чемпионын ұттым. Ал екінші белдесуде Қазақстан чемпионымен сыңға түсіп 5-1 есебімен жеңдім. Үшінші кездесуде өзіміздің Қостанайлық танымал Омаров Ерлан дейтін балуанға есе жібердім. Осыдан кейін үшінші орынға Моңғолиядан келген спортшымен белдесу өткізіп 5-0 есебімен таза жеңіске жеттім. Бұл Моңғолиялық балуанға мен биылғы өткен Азия чемпионатында ұтылған болатынмын. Ал бұл жолы мен өз есемді қайтардым.


 Дәурен Нұрғожинді қарсы алуға оның ең алғаш жаттықтырушысы Есләмбек Бекмұрзин де келген. Оның айтуына қарағанда, Дәурен өзінің спорттық мансабын қазақ күресінен бастаған екен.


ЕСЛӘМБЕК БЕКМҰРЗИН, Д.НҰРҒОЖИННІҢ АЛҒАШҚЫ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

«Біз жалпы талантты балаларды іздейміз. Сол кезде ол біздің көзімізге түскен болатын. Одан кейін оны қазақша күрес үйірмесіне шақырған болатынбыз ,ол өзін тек жақсы жағынан көрсете білді. Кішкентай кезінен бастап кілемнен шықпайтын еді, жаттығу аяқталып жатсада бір-екі баланы қасына алып күрес әдістерін қайталап жататын. Міне сол еңбегінің арқасында осындай үлкен дәрежеге жетіп отыр. »


 Айта кетейік, жерлес балуан алдағы уақытта дзюдодан Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында өтетін әлем чемпионатында да өнер көрсетуді жоспарлап отыр.