Өңірде қыркүйектің 15-інен емханаға тіркеу науқаны басталады. Іс-шара қараша айының ортасына дейін жалғасады. ҚР азаматтары және ел аумағында тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да тіркеуге тұра алады. Себебі, азаматтардың бұл санаты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы медициналық қызметтерді алуға құқылы.Алайда, бірқатар шетел азаматтарын емханаға тіркеу ережелері өзгерген. Арна тілшілері сабақтасын.
Биыл еңбек мигранттары яғни шетелдіктерді емханаға тіркеу ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Енді олар емханаға арнайы келісімшартпен барулары керек. Жаңашылдық биылғы жылдың 14 тамызында күшіне енген. Солтүстікқазақстандықтар жалпы 18 ұйымның біріне тіркелуге мүмкіндігі бар. Оның 16-сы мемлекеттік болса, қалған екеуі жеке меншік емханалар.
ҚАРЛЫҒАШ ІЛИЯСОВА, "ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ" КЕАҚ СҚО БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
- Еңбек заңнамасы және Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты емханаларға тіркелу ережелері мен иммигранттарға медициналық көмек көрсету ережелері өзгерді. Бұйрықтарға енгізілген өзгерістер тек ЕАЭО-ға мүше елдердің (РФ, Беларусь, Қырғызстан, Армения) бірінің азаматтығы бар, ҚР-да уақытша тұратын шетелдіктерге – еңбек мигранттарына және олардың отбасы мүшелеріне (балалары мен жұбайларына) қатысты.
ҚР азаматтары, қандастар және ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер үшін емханаға тіркелу тәртібі өзгеріссіз қалады.Өңір тұрғындары www.fms.kz сайтындағы «Емхананы таңдау» бөлімінде тіркелуге болатын емханалар тізімімен таныса алады. Айта кетейік, емханаға тіркеу азаматтардың тұрақты немесе уақытша тұратын мекен-жайы бойынша жүргізіледі.
ТАЛҒАТБЕК ТЛЕУБЕРДИН , "ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ" КЕАҚ СҚО БОЙЫНША ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ М.А.:
- Емхана өзі қызмет көрсететін аймақтан тыс жерде тұратын азаматтарды тіркеуден бас тартуы мүмкін. Сондай-ақ, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекеме жүктемесі шектен асып кетсе де тіркеуден бас тарта алады. Себебі, қолданыстағы нормативтерге сәйкес, учаскедегі жалпы тәжірибелік дәрігерге тіркелген пациент саны 1700-ден аспауы керек
Емханаға тіркелу үшін кез-келген адам алдымен «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркеу» қызметін пайдаланып, арыз жазуы тиіс. Емхана қызметкерлері «Тіркелген тұрғындар регистрі» ақпараттық жүйесі арқылы тіркеуге өтініш береді. Ал, егер тіркеу egov.kz порталы арқылы жүргізілетін болса авторизациядан өтіп, электронды өтініш қалдырады. Қызметтің нәтижесі өтініш берушінің жеке кабинетіне жіберіледі.