Облыстық жедел медициналық көмек орталығына жаңа ғимарат қажет.Қазіргі қолданыстағы ғимараттың тозығы жетіп заман талабына сай келмейді. Өңір басшысы Айдарбек Сапаров орталықта болып, жедел жәрдем қызметінің жұмысын көрді. Сонымен қатар облыс әкіміне орталықта қолданылатын алғашқы медициналық көмек көрсету әдістемесінің жаңа түрлері де таныстырылды.


Облыстық жедел медициналық көмек орталығының пультіне күн сайын 500-ден астам адам хабарласады. Осылайша жылына шамамен 180 мыңға жуық қоңырау соғылады.Операторлар әр қоңырауға жауап беріп шақыртуларды ауырлық дәржесіне сай бөліп, жедел жәрдем көлігін жібереді.Әр қоңырау бойынша жауап беру уақыты 5-тен 10 минутқа дейін.Жыл сайын орталықтың дәрігерлері мен фельдшерлері адам өміріне араша болатын алғашқы медициналық көмек көрсетудің жаңа, заманауи әдістерін меңгеріп келеді.


ЮРИЙ БЕЛОНОГ, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ М.А.:

- «Биыл біз БІРҚАТАР тәсілді күнделікті жұмысымызға енгіздік. Мысалы, перифериялық тамырлар болмаған сәтте, веноздық препараттарды енгізу қажет болғанда, біз оны сүйек ішіне қоямыз. Дәрігерлер мен жедел жәрдем фельдшерлерінен басқа бұл әдістемені облыс бойынша ешкім қолдана алмайды.Сонымен қатар биыл трахеяның интубациясын енгіздік.Бұл процедураларды тек көп салалы ауруханалардағы реаниматологтар мен біздің фельдшерлер ғана істей алады.Қазіргі таңда біз коникотомияны енгізіп жатырмыз»


Орталықта кадр тапшылығы жоқ. Керісінше фельдшерлерді таңдап алатын болған. Биыл 30 үміткер жұмысқа орналасуға өтініш берген, бірақ оның тек үшеуі ғана қабылданған.Кәсіби дәрігерлерге тоқталатын болсақ, бүгінде орталықта 6 маман жетіспейді бұл - кардиолог, педиатр және жедел жәрдем дәрігерлері.


 ЮРИЙ БЕЛОНОГ, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ М. А.:

-  «Дәрігер қажет болған жағдайды, фельдшерлер олардың орнын баса алады. Себебі біз ұсынатын шұғыл медициналық көмек медициналық стандарттар бойынша дәрігер үшін де, фельдшер үшін де бірдей.Біздің басты міндетіміз-фельдшерлердің үнемі біліктілігін арттыру.Бұл үшін біз спартакиадалар, түрлі конкурстар өткізіп оларды ынталандырып отырамыз .»


Жедел жәрдем орталығындағы басты мәселе бұл ғимараттың шағын, және талапқа сай болмауы. Орталықта 22 жедел жәрдем көлігі бар,ал көлік қоятын арнайы бокс тек 12 машинаға арналған.Қалғандары қысы жазы сыртта тұрып,көлік құралының қызмет ету мерзіміне әсер етеді.Сонымен қатар, жаңа мамандарды даярлау үшін орталық басшылығы қосымша үй-жайларды жалға алуға мәжбүр, бұл қосымша шығын.Аймақ басшысы мәселені шешу жолдарын қарастыруға уәде берді.


АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- «Ұсынысты дайындаңыз мүмкін жаңа ғимарат сатып алып, сол жерде жөндеу жұмыстарын жүргіземіз немесе жаңадан ғимарат саламыз. Ұсынысты қарастыратын боламыз»


Орталық басшысының айтуынша, қала орталығында орналасқан ескі троллейбус паркі қазір бос тұр.Ғимарат аумағы 4 мың шаршы метрден асады.Онда қажетті барлық инфрақұрылым бар.