Өңірде ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Пилоттық жоба алғаш рет Жамбыл облысында сәтті жүзеге асырылып, қазір республика бойынша кеңейтілген.
Бұл бағдарлама арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтыған және атаулы әлеуметтік көмек алатын жұмыссыз азаматтар, ісін жаңадан бастаған және қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлер, жұмыстан босатылған қызметкерлер, жеке қосалқы шаруашылықтар мен отбасылық кәсіпкерліктердің мүшелері жеңілдетілген несие ала-алады. Жоба шарты бойынша олар ауылды жерлерде тұрып, бизнес жобаларын жүзеге асыруы керек. Несие алар кезде өтінім берушінің мерзімі өткен қарызы болмауы керек. Және кепілге қоятын жылжымалы мүлкі болуы қажет. Жасы 18ден асқан ауыл азаматтары қатыса алады. Оларға жылдық 2,5%-бен 2 жылдан 7 жылға дейін кез-келген кәсіп түріне несие беріледі. Жалпы, «Солтүстік» ӘКК» АҚ өтінімдерді қабылдауды 8 маусымда бастады. Осы уақыт ішінде бағдарламаға қатысуға жалпы сомасы 950 миллион теңгені құрайтын 120 өтініш түскен. Қазірдің өзінде 40 өтінім мақұлданды. Бағдарламаға Қызылжар, Айыртау және Шал ақын аудандары белсенді қатысуда. Несие алушылардың дені мал шаруашылығы бағытын таңдаған. Ал қалған өтінім берушілер жүк тасымалдау мен сауда-саттықты дамыту бағыттары бойынша кәсібін дамытпақ екен. Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға 1,8 млрд теңге бөлінген.