Сарытомар ауылында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері ұлы ақын, публицист, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған іс-шара ұйымдастырды.


 Ақынның кіндік қаны тамған Сарытомар ауылына облыстық ПД басшылығы, жеке құрам мен ведомствоның мәдени орталығының өкілдері келді. Олар ең алдымен ауыл маңындағы орманда қойылған ескерткіш тасқа барды. Бұдан кейін аудандық және облыстық полицияның жеке құрамы Сарытомар ауылында орнатылған ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Мағжан Жұмабаев музейі» филиалының директоры Айгүл Жүніспаева түркі әлемінде ерекше құрметке ие жерлесіміздің музейінде полицейлерге экскурсия өткізді. Айдын Қабдұлдинов музейдің естелік кітабында ізгі тілектерін қалдырып, музей қызметкерлеріне ақынның есімін сақтаудағы еңбектері мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуде қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.


- Мен сенемін жастарға: Алаш атын аспанға Шығарар олар бір таңда, Мен жастарға сенемін!.


Сарытомар тұрғындары үшін мәдениет үйінде концерттік бағдарлама дайындалған. Облыстың бас полицейі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерін, сондай-ақ аудан тұрғындарын алғыс хаттармен марапаттады.


СӘУЛЕ АНДАҒҰЛОВА, СҚО ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Артына өшпес рухани мол мұра, мәңгілік із қалдырған Мағжандай ақыны бар біздер бақыттымыз. Бүгін киелі топырақта ақынның шығармашылығын насихаттай отыра, өскелең ұрпақтың, жас полицейлердің бойына патриоттық сезімді, адами қасиеттерді ұялату мақсатында іс-шара өткізіліп отыр. Іс-шара барысында ақынның өмірімен терең танысу үшін полицейлерге музейде экскурсия ұйымдастырылды. Қызметкерлеріміз ақын поэзиясынан үзінділер оқып, әндерін шырқайды. Елімізге адал қызмет етіп, ақынның артқан үміті мен сенімін ақтай білейік дегім келеді


Мағжан Жұмабаев маусымның 25-і күні туған. Айта кету қажет, полиция департаментінің қызметкерлері ақынның 130 жылдығына орай алғашқылардың бірі болып оның туған жерінде іс-шара өткізді.