ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінде «Тәлімгерлер кеңесі» атты консультативтік-кеңесші орган құрылды. Онда мемлекеттік қызметте жұмыс істеген тәжірибелі ардагер мамандар жастарға көмек көрсетеді. Бүгін аталмыш органның бірінші кеңесі өтті.


«Тәлімгерлер кеңесі» облыста алғаш рет құрылып отырған консультативтік-кеңесші орган. Оның құрамына мемлекеттік қызметтің 9 ардагері кіреді. Мақсат - жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибемен бөлісу.


 ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, «ТӘЛІМГЕРЛЕР КЕҢЕСІ» КОНСУЛЬТАТИВТІК-КЕҢЕСШІ ОРГАННЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

-  Жаңадан келіп жатқан жас балалар, жас жігіттер, оқу орнынан келіп жатқан балаларға госслужбаның қыры мен сыры көп деп ойлаймын. Сондықтан да, үлкендердің опыты бар. өмір көрген адамдардың ақылы оларға артық болмайды деп есептеймін.


 Алғашқы отырыста облыстық ветеринария басқармасының жаңа басшысы мен Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары сөз сөйледі. Екеуінің де мемлекеттік қызметке келгеніне 3 айдан аспаған. Жанат Әміржанов мемлекеттік қызметте 1998-2012 жылдар аралығында жұмыс істеген. Кейінен квазимемлекеттік сектор саласында қызмет етіп, жақында облыстық ветеринария басқармасының басшысы болып тағайындалған.


ЖАНАТ ӘМІРЖАНОВ, СҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Квазимемлекеттік секторда жұмыс істеп жүрген уақытымда мемлекеттік қызметте көптеген өзгерістер болды. Ветеринария басқармасының басшысы ретінде айтарым бізде маман тапшылығы - басты мәселе.Сол себепті де мемлекеттік қызметке жастарды шақыру керек. Ол үшін өңірдегі университетте ветеринария факультетін ашып, өзіміз оқытуымыз керек деп ойлаймын. Сонда жас мамандар өз облысымызда жұмыс істеуге қалады.


Жиын барысында консультативтік-кеңесші орган құрамына кіретін ардагерлер өз тәжірибесімен де бөлісіп, ақыл -кеңестерін айтты.


АНАТОЛИЙ КАРАБЕЛЬНИКОВ, «ТӘЛІМГЕРЛЕР КЕҢЕСІ» КОНСУЛЬТАТИВТІК-КЕҢЕСШІ ОРГАННЫҢ МҮШЕСІ:

-  Сіз айтып жатқан факультет ашу мәселесі қиындау. Себебі, оған біздің университеттің материалды-техникалық базасы дайын ба, оқытушылар жетеді ме. Сол себепті, өңірге ветеринар мамандарды тартудың басқа да жолдарын қарастырған жөн.


 Консультативтік-кеңесші орган мүшелері мемлекеттік қызметке жаңадан кіріскен барлық маманға көмек көрсетуге дайын екендерін де тілге тиек етті.