ҚР Ұлттық ұланы академиясының курсанттары үшін казарма ЖӘНЕ дене шынықтыруға арналған спорт орталығы бар жаңа оқу корпусы салынып жатыр. Ел қазынасынан 11 млрдқа жуық теңге бөлінген нысанның құрылысы 2022-ші жылы қолға алынды. Айта кеткен жөн, жылда академияға 300-ге жуық бозбала оқуға түседі. Болашақ офицерлердің игілігіне салынып жатқан ғимараттың құрылыс алаңында әріптесім Майгүл Сейілбек болып қайтты.


Қазіргі таңда Ұлттық ұлан академиясында 1 мыңға жуық жас сарбаз білім алып жатыр. Биыл 176 курсант оқуын тәмамдап, лейтенант шеңін алмақ. Жылда өмірін әскери саламен байланыстырам дейтін еліміздің әр өңірінен бас қосқан 300-ге жуық бозбала Петропавлдағы оқу орнын таңдайды. Жоғары білімді, білікті де патриот офицер тәрбиелеп шығару үшін мұнда бар жағдай жасалып жатыр. Мәселен, облысты кешенді дамыту жоспарына сәйкес 2022-ші жылы жаңа корпустың құрылысы қолға алынды. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 10,8 млрд теңге қаржы бөлінді.


ТАХИР ИСЛАМОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАНЫ АКАДЕМИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Академияның қазіргі ғимаратында оқыту бөлмелері жеткіліксіз, жеке құрамды орналастыратын орын аз. Сол себепті жаңа корпус салуға шешім қабылданды. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң барлық 3 ғимарат заманауи стандарттарға сай болмақ. Оның үстіне оқыту үрдісін жетілдіру үшін қондырғылар жаңартылады. Курсанттар емін-еркін спортпен шұғылданып, тирда ату қабілеттерін жетілдіре алады.


Құрылыс алаңында еңбек етіп жүрген 150-ге жуық маманның барлығы мердігер компания «Ash-Stroy» ЖШС-нің жұмысшысы. Қазіргі таңда мұнда 20-дан астам техника жұмылдырылған. Серіктестік биылғы жылдың күзінде 700 орынға шақталған казарманы қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Оның үстіне ғимараттардың қасбеті HPL панэльдерімен қапталмақ. Мұндай құрылыс материалы бұған дейін бізідң өңірде қолданылмаған.


БАҒДАТ ЛАТАНОВ, «ASH-STROY» ЖШС ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

-  Бұл құрылыс материалының басты ерекшелігі қыста аязға төзімді. Оның үстіне өте әдемі көрінеді. Өкінішке қарай, мұндай панэльдер Қазақстанда шығарылмайды. Сол себепті, оларды Қытайдан арнайы тапсырыспен сатып аламыз. Жалпы, жұмыстардың барлығы кестеге сай жүргізіліп жатыр.


 Мердігер компания құрылыс материалдарының 70 пайызын Қазақстандық кәсіпорындардан сатып алады. Қалған бөлігі Ресей мен Қытайдан әкелінеді. Құрылысшылар нысанды толығымен 2024-ші жылдың аяғына дейін тапсыруды жоспарлап отыр.


Майгүл Сейілбек