С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада тыл еңбеккері, ақын Владимир Тимошиннің кітабының тұсаукесері өтті. Жаңа туындысына «Портрет моего времени» деген атау берген. Іс-шараға облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің белді мүшелері, студенттер шақырылды.


Владимир Тимошин - 1934 жылы 17 қазанда дүниеге келген. Ол су шаруашылығы саласының құрметті ардагері, кәсіподақ қайраткері, тыл еңбеккері, әрдайым белсенді өмір салтын ұстанған спортшы. Бар өмірін еңбекке арнаған қария бүгінде қаламды жанына серік еткен. Өлең жазады. Бұл оның жарыққа шыққан төртінші жинағы.


ВЛАДИМИР ТИМОШИН, ТЫЛ ЕҢБЕККЕРІ, ЖАЗУШЫ:

-  Басымнан өткен оқиғаны жаздым. Бұл - төртінші жинақ. Алғашқысы 2014 жылы шыққан еді. Кейін «Священная война» поэмасы жарық көрді. Міне енді «Портрет моего времени» кітабының тұсаукесері өтіп жатыр. Өлеңді 30 жыл бұрын жазып бастадым. Мектеп кезінде ну орманды көріп өстік қой. Сол сәттер есте қалған. Кейде соны суреттеп жазамын. Қазір 89-ға келіп қалдым.


 Ақын өлеңдерінде туған жер, Отан, балалық шақ, достық пен табиғат, албырт жастықты жыр еткен. Валентина Суслова Владимир Тимошинмен бұрыннан таныс. Ол да қаламгер. Көркем проза жазады. «Досымның жаңа кітабын асыға күттім, өлеңдерінен шабыт аламын дейді», - зейнеткер.


ВАЛЕНТИНА СУСЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

-  Маған осы кітапты сыйлаған кезде алғашқы бетіне көзім түсті. Онда «Кітап – өткен оқиға мен сені байланыстырар жалғыз жол. Қызығы сол байланысты орнату үшін бар болғаны қолыңа кітапты алып оқу керек.» - делінген. Бұл туындыны оқығанда өзімнің өткен өмірім көз алдыма елестеді.


 Жиналғандар арасында жастар да болды. Олар ақынның басынан өткен оқиғаларды қызыға тыңдады. Кездесу соңында Владимир Тимошиннің кітаптары таратылды.