Облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов емханасы бар госпитальдің басшылығы мен қызметкерлерін келе жатқан наурыз мейрамымен құтықтады. Медицина қызметкерлері өңір полицейлерінің, әскери қызметшілердің денсаулығына, құқықтық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етуге даярлығын тексеруге жауапты.


Мамандар мерекені ұлттық нақышта қарсы алды. Қазақстандағы этностардың бірлігін және көпұлттылығын көрсету үшін түрлі ұлттың тағамдарын әзірледі. Наурыз мейрамын мерекелеуге белсенді қатысқаны үшін медицина қызметкерлеріне «Көктемгі көңіл-күй», «Халықтар достығы» және «Кең байтақ Қазақстан» номинацияларында дипломдар берілді. Облыстық полиция департаменті құрамындағы Мәдени орталықтың шығармашылық ұжымы дайындап ала келген ән мен күй мерекенің көркін аша түсті.


Әсел Елубаева, СҚО ПД емханасы бар госпитальдің физиобөлімше медбикесі:

- Наурыз мерекесі бірліктің, молшылықтың, жанданудың белгісі. Қазақ халқы бұл мерекені ерекше күтіп, құрмет тұтқан. Сіздерді Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтаймын.Әр шаңыраққа құт-береке әкелсін. Молшылық, байлық болсын. Еліміз тыныш болсын!