Сайлау учаскесіне бүгін қоғамдық көлікпен ғана емес, жолыңыз болса таксимен де тегін жетуге болады. Петропавл тұрғыны Ниязбек Есқақов автокөлігімен жолға шығып, тегін такси қызметін көрсетіп жүр. Жүргізушімен әріптесім Майгүл Сейілбек тілдесіп қайтты.


 Ниязбек Есқақов сайлау күні конституциялық құқығын пайдаланып, таңсәріден дауыс берді. Қолы босаған ер адам енді көлігімен көшеге шығып, қала тұрғындарын сайлау учаскесіне дейін тегін жеткізіп, такси қызметін көрсетіп жүр. Таңғы 7:00-ден түске дейін жүргізуші 15 шақты адамды діттеген жеріне апарды.


НИЯЗБЕК ЕСҚАҚОВ, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ:

-  Далақар қар еріп, су болып жатыр. Сол себепті бұл күні жерлестерім сайлау учаскелеріне жетуге қиналады деген ой келді. Оның үстіне алдымызда қасиетті Рамазан айы да келе жатыр. Осылайша, халыққа тегін такси қызметін ұсынуға бел будым. Маған ешкім хабарласпайды. Бар болғаны адам көп жиналатын жерге барып тұрамын. Көлігімнің сыртына арнайы жазу да жаздырттым. Оны көргендер қасыма келіп, белгілі мекен жайға жеткізіп салуымды сұрайды


Тегін такси қызметін пайдаланғандардың бірі - Петропавл тұрғыны Зухра Атажанова. Зейнеткер осындай маңызды күнде дауыс беру үшін үйінен шыққан. Осылайша, көшеде Нияздың көлігін байқап, қасына барған. Онымен тілдесіп, өзін сайлау учаскесіне дейін жеткізуін сұраған.


ЗУХРА АТАЖАНОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:

-  Далаға шығып едім күннің суық екен. Көше бойында келе жатып қызыл көлік көзіме оттай басылды. Оның сыртында «Тегін такси қызметі» деген жазуы да бар екен. Алғашында сенбей қалдым. Бірақ учаскеме жеткесін жүргізуші жігіт ақы төлеудің қажеті жоқ екенін айтты. Қуанышымда шек болмады. Осындай жастар елімізде көп болса екен деп тілеймін.


 Ниязбек тегін такси қызметің сайлау учаскелері жабылғанша яғни кешкі 20,00ге дейін көрсетпек. Бұдан бөлек бұл күні тұрғындар қоғамдық көлікте тегін жүре алады.



Майгүл Сейілбек