Сайлау демалыс күні өткенімен, жексенбі күні де жұмыс істейтіндер бар. Бірақ, Петропавлдың коммуналдық шаруашылық қызметкері Болатбек Кәрімов уақыт тауып, Юрий Гагарин атындағы №14 орта мектебінде орналасқан №574 сайлау учаскесіне трактормен келіп, өз дауысын берді.


 Солтүстікқазақстандықтар ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауында белсенділік танытып жатыр. Конситутциялық құқығын пайдаланғандардың бірі - қала тазалығын қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық шаруашылық қызметкері Болатбек Кәрімов. Тракторды 20 жыл тізгіндеп келе жатқан ол жұмыс уақытына қарамастан өз сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.


БОЛАТБЕК КӘРІМОВ, КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖҰМЫСШЫСЫ:

- «Көңілім бүгін көтеріліп тұр. Мен қуанып отырмын бүгін. Осындай жағдай жақсы ғой. Бәріміз келсек. Үйрету керек жастарды. Келіп мұнда сайлауда дауысын берсе жақсы болады ертең. Қаламызда тиыштық болсын.»


 Жалпы Юрий Гагарин атындағы №14 орта мектебіндегі №574 сайлау учаскескесінде 1850 сайлаушы тіркелген. Сағат 12.00-ге дейін оның 200-ден астамы өз таңдауын жасады.


МИХАИЛ ЯРЫШЕВ, № 574 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- «Сайлау учаскесі таңғы 7-де ашылды. Тұрғындар таңсәріден сайлауда белсенділік танытып, құқығын пайдаланып, дауыс беріп жатыр. Біздің учаскеде де денсаулығына байланысты үйден дауыс беретіндер де бар. Қазіргі уақытта 12 адамнан өтініш түсті. Бұл тұрғындарды түстен кейін аралайтын боламыз.»


 Жалпы №574 сайлау учакесінде 18 жасқа толған 4 азамат алғаш рет дауыс бермек. Соның біреуі таңғы 7:30 келіп, өз таңдауын жасады. Оған алғаш дауыс беруші ретінде бағалы сыйлық табыс етілді.



Нұрбол Балғабеков