Бүгінде Петропавлда қардан тазарту жұмыстары қарқын алған. Жауаптылардың айтуынша күн сайын облыс орталығынан 11 мың текше метр ақ ұлпа шығарылады. Аталған шаруа су басу қаупі жоғары учаскелерде жүргізіліп жатыр.


Техника Жұмысшы кентінде жүр. Мұнда қар шығару және суағарларды тазалау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Іске 6 бригада мен 20-дан астам арнайы көлік тартылған.


ПАВЕЛ БУЛАЕВ, «Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар» МКК басшысы:

- Бір көшенің суағарларын тазалауға 30 адам жұмылдырылған. Аталған жұмыс 3 шағын ауданда: Береке, Ойқала және Жұмысшы кенттерінде жүргізіліп жатыр. Қазір шаруаның қызған шағы. Себебі, қар қарқынды еріп жатыр. Күн-түн демей тер төгіп жатырмыз.


Бүгін Виктор Брядихиннің де үйінің алды қардан тазартылды. Тұрғын күрек ұстап жүрген жандарға жұмысты жеңілдетіп берген. Маңайдағы қарды бір жерге жинап қойыпты. Техника келіп, ақ ұлпаны алып кетті.


ВИКТОР БРЯДИХИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

- Бұл жерде тұратыныма біраз болып қалды. Жыл сайын көктем келісімен үйімнің алдындағы қарды техника артып әкетеді. Суағар да тазартылады.


Жалпы, қаланы қардан тазарту жұмыстарына 110 техника жұмылдырылған. Күн сайын облыс орталығынан 11 мың текше метр қар шығарылады. Аталған жұмыстар су басу қаупі бар учаскелерде атқарылуда.


ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІКТІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

- Қазіргі таңда Жұмысшы және Береке ықшам ауданында жұмыстар жүргізілуде. Бұған дейін Солнечный-2, Заречный, Хромзавод кенттерінен қар шығарылды. Өткен 4 күн ішінде 45 мың текше метр қар шығарылды.


Бұл жұмыс аяқталған соң мамандар келесі іске кіріседі. Алдағы аптадан мамандар суағарларды сумен шаю жұмыстарын жүргізбек.