Негізгі Жаңалықтар Облыс әкімі полицияның материалдық-техникалық жабдықталуын тексерді

Облыс әкімі полицияның материалдық-техникалық жабдықталуын тексерді

Солтүстік Қазақстан облысында полиция органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл тәртіп сақшыларын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 4,5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыстық полиция департаментінің бастығы Руслан Назаровпен бірге күрделі жөндеуден өткен қызметтік ғимараттарды аралады. Толығырақ тілші бейнематериалында.

Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарын жаңартылған Бірінші полиция бөлімінен бастады. Бұл бөлім облыс орталығының солтүстік және орталық бөліктеріне, атап айтқанда, 19-шы, 20-шы шағын аудандар мен «Береке» шағын ауданына қызмет көрсетеді. 1974 жылы қолданысқа енгізілген ғимарат содан бері тек сырлап қырлаудың арқасында осы уақытқа дейін кәдеге жарап келген. Күрделі жөндеуден соң нысан, жаңа кейіпке енді. Мұнда қазір қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалып, кабинеттер заман талабына сай жабдықталып, жұмысқа жайлы орта қалыптастырылды. Ал кезекші бөлімге қойылған мониторлар, бейнебақылау камералары арқылы 100 метр қашықтықтағы кескіндері анық көруге мүмкіндік береді. 

 Бұдан кейін өңір басшысы Жұмысшы кентінде орналасқан №5 учаскелік полиция пунктіне барды. Бұл қосын шамамен 26 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда алты учаскелік полиция инспекторы жұмыс істейді. Ғимарат 1954 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Қазір мұнда жедел басқару орталығының шағын бөлімшесі, азаматтарды қабылдауға арналған заманауи фронт-офис және қызметкерлердің тынығу бөлмесі жабдықталған. Ауқымды істерден аудандық полиция бөлімдері де шет қалып отырған жоқ.

 Биыл полицейлердің машина паркіне 180 автокөлік сатып алынып, сонымен қатар тәртіп сақшыларының иелігіне төрт квадроцикл берілді. Өңірде полицияның материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл ретте қызметтік ғимараттардың жағдайына да ерекше көңіл бөлінеді.

СНХ: СЕРІК ӘЛЖАНОВ – ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, үйлесімді жұмыс пен қызмет атқаруға жасалған қолайлы жағдайлардың нәтижесінде өңірде тіркелген қылмыстардың саны 13 пайызға азайған.



Бөлісу