Негізгі Жаңалықтар Әйелдер кәсіпкерлігіне жаңа мүмкіндік

Әйелдер кәсіпкерлігіне жаңа мүмкіндік

Бүгін «Кәсіпкер әйел» жобасының таныстырылымы өтті. Бағдарлама аясында облыстағы 150-ге жуық қыз-келіншекті алты бағыт бойынша оқыту жоспарланған. Қатысушылар цифрлық технологияларды меңгеріп, бизнесті дамытудың заманауи тәсілдерін үйренеді. Бұл өз кәсібін жаңадан бастағандарға да, жұмыс істеп тұрған бизнесін өркендетуді көздейтіндерге де арналған. Алтынай Қазиқан жалғастырады.

Кәсіпкерлікте табысқа жету үшін заман талабына сай білім мен тәжірибе қажет. Әсіресе, әлеуметтік желілер арқылы қызметін таныстырып, тұтынушылар санын арттырғысы келетіндер үшін цифрлық құралдардың маңызы зор. «Кәсіпкер әйел» жобасы осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға жол ашады. Бүгінгі таныстырылымға 30-дан астам адам қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

СНХ: АЛЁНА ПРОСВЕТОВА, ЖОБАҒА ҚАТЫСУШЫ:

Оқу бағдарламасы алты бағытты қамтиды. Атап айтқанда, электронды сауда, маркетплейстерде жұмыс істеу, цифрлық маркетинг, контент жасау және кәсіпкерлік негіздері бойынша сабақтар жүргізіледі. Қатысушылар әлеуметтік желіге жарнама орналастыруды, аудиторияны анықтауды, чат-боттар мен сайт құрастыруды үйренеді. Теориямен шектелмей, практикалық тапсырмалар да жүргізіледі.

СНХ: ӘСЕЛ ҚҰНАНОВА - СҚО КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Оқыту курстарына жазылу үшін ресми желілерімізде жарияланған онлайн тіркеуден өту керек. 31 қазанға дейін уақыт бар. Орын саны шектеулі. Жалпы 18 жастан бастап зейнет жасына дейінгі әйелдер қатыса алады. Бағдарламаға алты бизнес-тренер тартылды. Біз бұл жобаны алғаш рет ұйымдастырып отырмыз, бастысы тегін. Сабақтар 2 қарашада басталып, 27-сіне дейін жалғасады. 

Оқыту офлайн форматта өтеді, 40 академиялық сағатқа есептелген. Курс аяқтағаннан кейін қатысушыларға сертификат табысталады. Бастама аясында 150-ге жуық әйелдің білімін жетілдіру көзделіп отыр.

Бөлісу