X Factor Kazakhstan тележобасының 9-шы маусымында сәтті өнер көрсеткен Махамбетәлі Әбілданы солтүстікқазақстандықтар әуежайдан құшақ жая қарсы алды. Дарынды әнші жоба аясында танылып, қазақстандықтардың жүрегін жаулап алды. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген жас әнші әріптесім Майгүл Сейілбекпен болашақ жоспарларымен бөлісті.
Атырау облысының тумасы қазіргі таңда С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі Махамбетәлі Әбілданы танымайтын солтүстікқазақстандық бүгінде жоқ шығар. X Factor Kazakhstan тележобасының 9-шы маусымында Петропавлдың атынан сәтті өнер көрсеткен жас жігіт қысқа уақытта көрерменнің көзайымына айналды.
Махамбетәлі Әбілда Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын музыкалық театр әртісі мамандығы бойынша тәмамдаған. 2022-ші жылдың тамыз айында Петропавлдағы қазақ театрына жұмысқа орналасып, еңбек жолын бастайды. Осы уақыт аралығында қара шаңырақтың сахнасында қойылған «Елім-ай», «Сылаң қыз», «Құлеке» сынды спектакльдерде өнер көрсетті. Бұдан бөлек X FACTOR KAZAKHSTAN телевизиялық жобаның іріктеу кезеңіне де қатысып, музыкалық сарапшы Нұрберген Махамбетовтың тобына түседі.
БІРЖАН ЖАЛҒАСБАЕВ, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Махамбеттің ән айту стилі, орындаушылығы эстрада болсын, халық әні болсын соның джаз стиліне,жанрына бейім, бүкіл тұла-бойы джазбен өмір сүріп тұрды. Обылстық филармониямен де тығыз жұмыс істеп жүрді.Қазір де істейді. Х фактор басталғалы бері бағын сынап көрді. Бірақ соңғы финалға дейін шашасына шаң жұқтырмайтын жүйрік екенін көрсетті бүкіл Қазақстанға.
Жобада Махамбетәлінің аяқ алысы жаман болмады. Финалға дейін жетіп, киелі сахнада қазақ және шетелдік туындыларды жоғары деңгейде орындады. Телевизиялық байқау басталғалы бері жас әнші ең көп дауыс жинап, халықтың сүйіктісіне айналды.
X Factor Kazakhstan тележобасының финалында ән шырқап, бас жүлденің иегері атанбаса да, өз көрермені үшін Махамбетәлі жеңімпаз. Бұған дәлел жас әншіні Петропавлдың әуежайында қарсы алған халықтың ыстық ықыласы, құрмет-кошеметі.
Өнерпаз болса өз кезегінде қолдау көрсетіп, әр сенбі сайын дауыс берген халыққа алғысын білдіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
МАХАМБЕТӘЛІ ӘБІЛДА, X FACTOR KAZAKHSTAN ТЕЛЕЖОБАСЫНЫҢ ФИНАЛИСТІ:
- Жобадан кеткенде әр қатысушыда қап әттеген-ай деген болады. Менде де болды. Бірақ армандағанымның бәрі болды. Жаңа достар таптым, көп нәрсеге үйрендім, мықты музыканттармен композиторлармен таныстым. Петропавл халқына, басшыларға алғысым шексіз.
Енді Махамбетәлі Әбілда жақында Петропавл көрермені үшін Ақан сері атындағы облыстық филармонияда жеке кешін өткізуді жоспарлап отыр. Мұнымен қоса, жас әнші көктемде «Жас қанат» және жазда «Азия даусы» ән байқауларында бағын сынап көрмек.
Майгүл Сейілбек