2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық үшін өңірде 40,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы журналистерге Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингінде айтылды. Қазір Петропавл 2-ЖЭО-да жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатыр. №1 түтін мұржасын іске қосу 30 қыркүйекке жоспарланған.

Брифингте айтылғандай, қазіргі таңда жылу-электр орталығында 86 мың тонна көмір қоры бар. Бұл шамамен 16 күнге жетеді. Қосымша 9 мың тонна көмір жолда келе жатыр. Сонымен бірге 1124 тонна мазут дайын тұр. Жоспар бойынша, 20 күнге жететін көмір қоры 20 қыркүйекке дейін толық жиналуы тиіс. Дайындық жұмыстары басқа салаларда да жүріп жатыр. Бүгінгі күні денсаулық сақтау мен білім беру нысандары жылыту маусымына толық дайын. Қазандықтардың 94 пайызы да дайындықтан өткен. Алайда көпқабатты тұрғын үйлердің тек 62 пайызы ғана жылыту маусымына дайын екенін растайтын құжатқа қол қойған. Сол себепті, бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасып жатыр.

СНХ:ДАНИЯР ҚУАНЫШБАЕВ - ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ