Петропавл полицейлері халық алдында есеп берді. Жиын барысында қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин 2022 жылы атқарған жедел-қызметтік жұмысты қорытындылады.


 Петропавл қаласының полиция басқармасы өңірдің ең ірі полиция бөлінісі болып есептеледі. Оның қызметкерлері күн сайын қылмыспен күресте алғы шепте жүреді, облыс орталығында жол және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.


ӘЛІБЕК ҒАБДУЛЛИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

- 2022 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, Петропавл қалалық полиция басқармасының жұмысы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген басым бағыттарға және криминогендік жағдайға сәйкес іске асырылғанын атап өту қажет. Қылмыспен күрес және құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін бізбен қажетті ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешені жүргізілді.


12 айда «өткен жылдар» санатындағы 60 қылмыс ашылып, 41 қылмыскер ұсталды. Хабар-ошарсыз кеткен 16 азаматтың жүрген жері анықталды. Өткен жылы 199 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 5 адам қаза тапты, 244 адам түрлі дәрежедегі жарақаттар алған. Заңсыз айналымнан құрамында спирті бар 17 мың литрден астам алкоголь алынды. Әлібек Ғабдуллиннің айтуынша, жеке құрам қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда. Бір жыл ішінде тіркелген алаяқтық фактілерінің саны – 818. Оның ішінде 657 факті интернет арқылы жасалған.


АСҚАР ХАБИБУЛЛИН, ПЕТРОПАВЛ Қ. ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Қазір цифрлық құрылғылар заманы. Жастардың барлығы мессенджерлерде отырып, ақпарат алмасады. Сіздердің жақындарыңыз бен туыстарыңыз интернет-алаяқтардан болатын қауіп туралы білмейді. Оларға ескертіңіздер. Ғаламторда әлдебір затты сатып алмас бұрын алаяқ емес екенін көз жеткізіп алған жөн.


Сондай-ақ биылғы жылы құқықтық тәртіпті нығайту үшін қала орталығында қосымша учаскелік полиция пунктін пайдалануға беру туралы мәселе қаралатыны айтылды.