Облыс орталығында 2 балаға пештен иіс тиіп, уланып қалды. Бұл туралы құтқарушылар облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткен баспасөз мәслихатында айтып берді. Ал, жыл басталғалы өрттен 6 адам қаза тапқан. Тақырыпты әріптесім Әміре Ақбатай жалғастырсын.


 Қаңтардың 23-і күні облыстық ауруханаға 2015-шы және 2018-шы жылы туған екі бала жеткізілді. Себеп - жер үйде пештің мұржасын мерзімінен бұрын жапқан. Салдарынан балалар иіс тиіп, уланған. Балдырғандар аман, облыстық көпсалалы балалар ауруханасында ем алып жатыр.


АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

- «Өкінішке қарай, жыл басынан бері өрттен 6 адам қаза тапты. Өткен жылдың осы кезеңінде бір адам қайтыс болды. 2 адам әртүрлі деңгейдегі жарақат алды. Иіс тиіп, уланудың 4 жағдайы тіркелді. Біреуі кейін қайтыс болды.


 Биыл «Шоқыну» мерекесі қарсаңында құтқарушылар өңір бойынша суға түсуге және қасиетті деп саналатын суды құйып алуға арнайы 27 орын дайындады. Діни рәсімге 8 мыңға жуық адам қатысты. Олардың қауіпсіздігін 300-ден астам маман қамтамасыз етті. Енді ТЖД мамандары қысқы балық аулауды ұнататындарға қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін ескертеді. Себебі, оның соңы қайғылы аяқталуы мүмкін.


ҚУАТ МАХМЕТОВ, СҚО ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ОФИЦЕРІ:

-  «Қауіпсіздік ережелерін барынша сақтаңыздар. Егер балық аулауға шықсаңыз міндетті түрде жақындарыңызға ескертіп қойыңыз. Әрдайым байланыста болғандарыңыз дұрыс. Мұздың үстінде де абай болыңыздар. Кейбір жерлерде мұз жұқа болуы мүмкін.»


 2023 жылдың басынан бері өңірде жалпы 37 өрт тіркелді. Өрт қауіпсіздік ережелерін бұзудың ең көп жағдайы тұрғын үй секторларында тіркеледі. Осыған байланысты 14 қаңтардан бастап өңірде өрт қауіпсіздігі айлығы өтіп жатыр.