Петропавл тұрғындарының сумен жабдықтау компаниясына 30 миллион теңгеге жуық берешегі бар. Кейбір тұтынушылар ондаған жылдар бойы коммуналдық ақыны төлемеген. Қасақана төлемейтін борышкерлерге сот шешімі бойынша қатаң шаралар қолданылады. Мамандар олардың пәтерлеріндегі кәріз құбырларына тығындар қойып жатыр.


Мына жаңа үйдегі бір пәтердің тұрғыны сумен қамтамасыз ету кәсіпорнына 20 мың теңге қарыз.Азаматқа коммуналдық ақыны төлеу туралы бірнеше ескерту жасалған еді. Құлақ аспаған борышкерге кәсіпорын өкілдері тиісті шара қабылдауға мәжбүр болды.


ДМИТРИЙ БОЛТАЧЕВ, СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ КӘСІПОРНЫНЫҢ ЖҰМЫСШЫСЫ:

- Бұл бітеуіш, біз оны пәтердегі кәріз құбырына қоямыз. Арнайы құрылғымен салынып, кәріз құбырын жабады. Берешегі барлар нәтижесінде пәтердегі унитазды пайдалана алмайды.


Сарапшылардың айтуынша, кәріз тығындарын орнату қарызды өндіріп алудың ең тиімді әдісі болып отыр. Десек те жылдар бойы су ақысын төлемейтіндер де баршылық. Мәселен, облыс орталығында тұрып жатқан бір отбасының 800 мың теңгедей берешегі бар болып шықты.


НҰРГҮЛ САМАЛЫҚОВА, КӘСІПОРЫННЫҢ ТҰТЫНУШЫЛАРМЕН ЖҰМЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

-  Қарызы барларға бір ай бұрын ескерту жасап, хабарлама таратамыз. Егер 30 күн ішінде тұтынушы борышын өтемесе, онда кәріз құбырына тығын қоямыз. Заң бойынша екі ай төлемегендерге осы шараны қолдануға құқымыз бар.


 Жалпы, қала бойынша бес жүзден астам қасақана төлемейтін борышкер бар. Олар сумен қамту компаниясына шамамен 30 миллион теңге қарыз.