Өткен демалыс күндері Петропавлдағы Дария базарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мағжан Жұмабаев ауданынан келген саудагерлер тиімді бағада ет пен сүт өнімдерін, бал, балық және құс етін жаймаға шығарды. Тілші тарқатады.


 Облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері демалыс күндері ұйымдастырылып келеді. Онда тұрғындар азық түлікті нарықтағы бағадан әлдеқайда арзанға сатып ала алады. Таңертеңнен Дария базарына жиналған халықтың қарасы қалың. Әрине барлығы тиімді бағада азық түлікті алғасы келеді. Мәселен жәрмеңкеде 1 литр сүт 200 теңге, қаймақ 1850 теңге, ал ірімшіктің бір келісі 950 теңгеге саудаланды.


ЕЛЕНА ПАЛАМАРЧУК , ЖӘРМЕҢКЕ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ, М.ЖҰМАБАЕВ АУДАНЫ:

-  «Бағалар өте тиімді. Сиыр етінің 1 келісі 1800, шошқа еті 1750 ал қой еті 2100 теңгеге сатылып жатыр. Сондай ақ сатылымда құс еті де бар. Тауық етінің келісі 1360, үйрек еті 1900, ал қаз етінің келісі 2500 теңге»


Облыс орталығында өткен жәрмеңкеге 1 тоннаға жетер жетпес азық түлік әкелінді. Жалпы 10-нан астам өнім түрі ұсынылды. Олардың барлығы ет пен сүт өнімдері.


 ЕЛЕНА ПАЛАМАРЧУК , ЖӘРМЕҢКЕ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ, М. ЖҰМАБАЕВ АУДАНЫ:

-  «120 кг сиыр етін әкелдік. Ал шошқа етінен 60 кг, қой етінен 40 кг әкелінді. Ал сүт тауарларына келетін болсақ, 180 литр сүт ,140 литр қаймақ және 100 кг ірімшік саудаланды. Сондай ақ 50 кг құс еті бар.»


 Айта кетейік, жәрмеңке Дария базарында айына екі рет ұйымдастырылады. Келесі жәрмеңке ақпан айының басына жоспарланған.