Облыста медициналық кадрлар мен арнайы жабдықтар жеткіліксіз. Бұл жолы өңір басшысы – Айдарбек Сапаров Петропавлдағы бірқатар денсаулық сақтау нысанына барды. Ол медициналық қызметкерлермен сөйлесіп, олардың шағымдары мен ұсыныстарын тыңдады. Саладағы өзекті мәселелер қалай шешілмек? Тілшіміздің бейнематериалы.


 Өңір басшысы барған алғашқы нысан – облыстық кардиологиялық орталық. Ол республика бойынша үздік бестіктің қатарында. Орталықта күніне шамамен 25-30 түрлі ота жасалады. Олардың қатарында күрделі ашық жүрек операциялары да бар. Жалпы көрсеткіштері жақсы. Айдарбек Сапаровқа емдеу мекемесінде науқастарға көрсетілетін медициналық қызметтер таныстырылды. Орталық сапалы медициналық жабдықтардың арқасында қаншама науқастың өміріне араша түсті.


АСХАТ МОЛЖІГІТОВ, КӨПСАЛАЛЫ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНА БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бұл құрылғы ковид кезінде өте жақсы көмектесті. Бізде босанғаннан кейін өкпесінің 99% зақымданған ауыр науқасымыз да болды. Ол осы құрылғыда 60 күн жатты. Нәтижесінде аман-есен емделіп шықты. Құрылғының басты міндеті – өкпе қалпына келгенше, қанды оттегімен қанықтыру. Ал келесі құрылғы – жасанды бүйрек аппараты. Ол - алмастыру терапиясын жүргізуге арналған портативті құрылғы. Біз оны соңғы кездері жиі қолданамыз. Бұл құрылғы өзінің айтарлықтай пайдасын көрсетуде.


Орталықта заманауи жабдықтар болғанымен, бұл жеткіліксіз. Кейбірінің тозығы жеткен. Мәселен, ота жасауға арналған құрылғылардың бірі 2012 жылы сатып алынған. Медициналық жабдықтардың жетіспеушілігінен орталықтағы жаңа құрылғыларға артық салмақ түседі. Бұл қондырғының бағасы шамамен 800 миллион теңге. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров сатып алу мәселесін шешуге уәде берді.


АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Онда бюджеттік өтінімді дайындайық. Денсаулық сақтау министрлігі арқылы болсын, жергілікті бюджет есебінен бола ма мәселенің шешімін қарастырамыз. Орталыққа жөндеу жұмыстарын да жүргізу қажет, дәрігерлерге қолайлы жағдай жасалауы тиіс. Жергілікті бюжеттен биыл қаржы бөлеміз. Мұнда тазалық, тәртіп болуы керек.


 Сондай-ақ, облыс әкімі кардиологиялық орталықта ем алып жатқан сырқаттармен де сөйлесті. Науқастардың емдеу мекемесінің жұмысына алғыстан басқа айтары жоқ.


- Бізде Петропавлда барлығы жақсы дайындалған. Мен 2 жыл бұрын Астана қаласында болдым. Бірақ осындағы тамақ пен қызмет көрсету сапасы жақсырақ.


АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Қазір ұлттық жоба әзірленді. Біз жаңа денсаулық сақтау нысандарын саламыз. Барлық жаңа жабдықтарға, медициналық техникаға қаржыландыру толығымен болады. Сондықтан денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеруіміз қажет.. Біздің міндетіміз - тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету.


 Бұдан кейін Айдарбек Сапаров облыстық көпсалалы ауруханаға барып, сырқаттармен және дәрігерлермен кездесті. Заманауи жабдықтардың арқасында медициналық мекеме бір жылда жасалатын ота санын арттырған. Қазір тексеруден өту үшін ұзын-сонар кезек жоқ, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы да айтарлықтай өсті -дейді дәрігерлер.


СЕРГЕЙ РУЦКИЙ, АНГИОГРАФИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

- Біз кей өңірлерде қолданылмайтын бағыттаушы стенттердің барлығын мақтанышпен айта аламыз. Бұл үлкен тәжірибені қажет ететін күрделі ота. Егер бұрын осындай операциялар тек Астана, Алматыда жүргізілген болса, қазір олардың өзіміз жасай аламыз. Яғни, қан ағымын қалпына келтіріп, ми аневризмасын төмендетеді. Олардың жарылып кету қаупін азайтады.


 Дәрігерлер күнделікті бетпе-бет келетін мәселелер - көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасында әсер етеді. Проблемаларды шешу үшін жылда облыстық және республикалық бюджеттен орасан қаржы бөлінеді. Медициналық мекеме басшыларының есебі, әрине, көрсеткіш емес. Сондықтан, «жүз рет естігенше, бір рет көр» - дегендей, өңір жетекшісі дәрігерлердің еңбек жағдайларына өзі көз жеткізді.


 АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  Қандай көмек керек? Қандай жағдай жасау керек. Барлық жағдай жасалған ба? Зарплата бәрі жақсы ғой? Уақытында аласыздар ғ,ой? Сәттілік тілеймін жұмыстарыңызға.

- - Все необходимое есть? Если есть вопросы вы говорите, я для этого и езжу, смотрю, чтобы напрямую не от главных врачей, а от вас услышать. Вы непосредственно здесь работаете… Условия аппаратура все есть.


Облыс әкімі бұл күні көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында да болды. Мұндағы негізгі мәселеледің бірі - науқастарды орналастыруға арналған бөлмелердің жетіспеушілігі. Тіпті палаталарға қосымша керует қоюға тура кеп жатады, дейді қызметкерлер. Айдарбек Сапаров бұл мәселені пысықтап, мәселені шешу жолдарын табуды тапсырды. Сонымен қатар, ауруханада кадр тапшылығы да бар. Бүгінгі таңда мекемеге 18 дәрігер жетіспейді.


АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Облыс орталығындағы тек бір ауруханада 18 маман жетпесе - бұл үлкен мәселе. Биылғы жылы оны қалай тез шешуге болатындығы туралы бір шешім табу керек. Маман даярлау үшін шамамен 11 жыл қажет екендігі түсінікті. Мәселені бізге қазір шешу қажет.


 Өңір жетекшісі тиісті мамандарға қысқа мерзімде денсаулық сақтау саласына қатысты барлық мәселелерді шешу жоспарын ұсынуды тапсырды.