Кешендік жоспарға сай облыстың 20 мың га-на 5 жылдың ішінде кемінде 100 млн ағаш отырғызылуы керек. Биыл 4,1 мың аумаққа көшет егу жоспарланған. Осы жұмыстың арқасында өңірде былтыр орман алқабы 2,4 мың га ұлғайды.


 Облыс бойынша экология департаментінің мәліметінше, өңірде орманды ұлғайтудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бар. Жоспарға сай 2021 жылы 850 га, былтыр 1700 га, биыл 4100 га, 2024 жылы 6350 га, 2025 жылы 7000 га көшет егілуі тиіс. 2021 жылы бұл жоспар 102%, былтыр 111% артығымен орындалды. Нәтижесінде екі жылда 10 млн шамасында ағаш отырғызылды. 2020 жылдың соңында алдағы бес жылды қамтыған СҚО елді мекендерінің маңында жасыл белдеулер құру және көгалдандыру бойынша өңірлік жоспар жасалып, бекітілді. Бұл да нәтиже беріп, 2021 жылы 26,6 млн теңгеге 115 мыңға жуық, 2022 жылы 30 млн теңгеге 100 мыңнан астам ағаш егілді.