Петропавлда полицияның кавалериялық бөлімшесі жұмыс істейді. Олардың ерекшелігі - салт атты тәртіп сақшылары шаһардың автокөлік бара бермейтін шеткері аймақтары мен саяжайлар аумағын күзетеді. Әр полицейдің өзіне бекітілген жылқысы бар. Ол аттың күтіміне, денсаулығы мен тазалығына да жауап береді. Келесі бейнесюжет осы атты сақшылардың тыныс тіршілігі жайында болмақ.
АЙНҰР ДОСАН, ТІЛШІ:
- Қазақ халқы жылқыны жеті қазынаның біріне балап, ежелден құрметтеген. Осындағы мамандардың айтуынша көлікпен тәртіп құрғандар мен салт атты сақшылардың айтарлықтай айырмашылығы бар. Сәйгүлік серігіне белгі беріп, өзінің аса сезімталдығымен көзге түседі.
Кавалериялық взвод құрамында 13 жылқы бар. Полицейлер оларды қыс бойы баптап, келесі маусымға дайындайды. Олар автокөлік жете алмайтын жерлерде тәртіпсіздіктің алдын алу үшін қолданылады. Мұндағы сақшының жұмыс күні жылқысына жем-шөбін беріп күтіп баптаудан басталады. Жылқылар жиі ветеринарлық тексеруден өтіп, мамандардың жіті назарында болады.
ӨМІРЖАН ЕСҚОЖИН, ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯНЫҢ ПОЛИЦЕЙ-КАВАЛЕРИСТІ:
- Біздің мекемеде 17 қызметкер бар. және әрқайсысының өзінің жылқылары бар тіркелген. көбіне саяжайларда сол .... деген саяджайларда сақшылық жасаймыз. күз мезгілінде саяжайда темір ұрлау фактісі болды соған ... шақырып түген бердік. атты сақшылықтың ерекшелігі енді жазғытұрыда таза ауа, табиғат аясында.
Аттар ерекше күтімді қажет етеді. Сондай-ақ тұлпарларды кез-келген адам мініп жүре алмайды. Оның мінезін біліп, бабын табу керек. Сондықтан мұндағы полиция қызметкерлері бір жағынан атбегінің де рөлін атқарады. Өміржан Есқожин Сұңқар есімді тұлпарымен 2 жылдан аса осы салада қызмет атқарып келеді. Маманның айтуынша, жылқы өте сезімтал жануар. Түнде айналасын жұлдызға қарап барлайтын қабілетке ие. Жүйріктігі өз алдына. Төрт түліктің төресінен кейде қылмыскерлер де сескенеді екен.
ӨМІРЖАН ЕСҚОЖИН, ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯНЫҢ ПОЛИЦЕЙ-КАВАЛЕРИСТІ:
- енді әртүрлі жағдайлар болады ғой. Жылқыны көргендері бар, көрмегендері бар дегендей. Көрмегендер енді сескеніп қорқады. Саяжайларда ішімдік ішкен адамдар болады. Соларды ұстадық. Және күз кезінде темір ұрлау фактісі болды соларды ұстадық.
Салт атты тәртіп сақшылары қаланың жер үйлері көп, жолсыз аймақтарында қызмет атқарады. Ал қыста ерекше балаларға арнап иппотерапия курстарын ұйымдастырады. Күн жылыған кезде басталатын кавалериялық взвод жұмысы күзге дейін созылады.