Елімізде вирустық инфекциялар мен тұмаудың эпидемиялық маусымы ресми түрде басталды. Өткен айдың басынан бері 1782 өңір тұрғынына ЖРВИ диагнозы қойылды. Оның 552-сі  соңғы аптада тіркелді. Өңірдегі эпид ахуал жайлы тілшіміз Әміре Ақбатай тарқатады. 

Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, мұрыннан судың ағуы, бас ауруы.  Мұның барлығы жедел респираторлы вирустық инфекциялардың белгілері. Мамандардың айтуынша ауырғандар саны артып келеді.  Мәселен соңғы аптаның өзінде облыста 550 ден астам солтүстік қазақстандық дәрігердің көмегіне жүгінген. Аурудың алдын алу мақсатында өңірде тұмауға қарсы иммундау науқаны басталды. 

 АЙНАШ САҒАНДЫҚОВА,  ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
-
«Қазіргі уақытта тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі-вакцинация. Тұмауға қарсы Вакцинация қауіпті адамдарды аурудың асқынуынан, ауруханаға жатқызудан және өлімнен қорғайды...»

 Тәуекел тобына жататын адамдар вакцинаны тіркелген жері бойынша тегін ала алады. Биыл да тұмауға қарсы ресейлік "Грипрол Плюс" препараты қолданылмақ. Өңірге вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды. 

 АЙНҰР ӘБІЛ, №1 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ПЕДИАТРИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
 -
«Әр сейсенбі мен бейсенбіде балаларды профилактикалық тексеруге шақырамыз. Медбикелер баланың температурасын өлшеп, жалпы жағдайын қарайды. Тексеруден кейін дәрігер вакцинацияға рұқсат береді.  Балалар вакцина қабылдағаннан кейін оларды медбике немесе фельдшер бақылауда ұстайды.»

Тұмаумен және ЖРВИ-мен күресте қарапайым тәсілдерді де, маска тағуды, қолды жиі сабындап жууды, әлеуметтік қашықтықты сақтауды ұмыстпаған жөн. Сондай-ақ  адам көп шоғырланған жерлерге  де бармаған дұрыс. Аурудың белгілері байқалған жағдайда үйге дәрігерді шақырту керек. 

Әміре Ақбатай