Асиман Мирзоев Облыстық ПД патрульдік полиция батальонының инспекторы. Ұлты Әзірбайжан. Ол ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Жұмыс барысында бірнеше адамды құтқарып, көптеген қылмыстың алдын алуға атсалысқан. Қазақстан Халқының бірлігі күні қарсаңында ол барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, мамандығының қыр-сырымен бөлісті.


СҚО ПД түрлі этнос өкілі қызмет атқарады. Солардың қатарында патрульдік полиция батальонының инспекторы Асиман Мирзоев те бар. Айтуынша, жұмыста бәрі бірдей, ортақ міндет – жол үстіндегі кез келген жағдайға дайын болып, азаматтарға уақтылы көмек көрсету.


Асиман Мирзоев, СҚО ПД патрульдік полиция батальонының инспекторы:

- 2022 жылы қызмет атқару кезінде біздің жанымызға келіп бір көлік тоқтады. Жүргізуші өзін нашар сезінген жолаушыны әкеле жатқанын айтып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізуді өтінді. Біз дереу оларды кардиологиялық орталыққа жеткіздік.


Асиман ішкі істер органдарына 2014 жылы келген. Қазіргі қызметін 2018 жылдан бері атқарып келеді. Сол уақыттан бері бірнеше адамды құтқарып, көптеген оқиғалардың алдын алуға көмектесті. Жергілікті тұрғындармен бірге өртті ауыздықтауға қатысқан, шұғыл медициналық көмекке мұқтаж жандарды жылдам жеткізуге көмектескен.


Асиман Мирзоев, СҚО ПД патрульдік полиция батальонының инспекторы:

- Барлық қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын. Баршаңызға достық, бірлік, ынтымақ пен ашық аспан тілеймін.


 Патрульдік полицейдің жұмысы табандылықты, шыдамдылықты талап етеді. Қызметтегі қиындықтарды көзбен көріп, бастан өткерген соң ғана осы мамандықтың маңызын, достық пен бірлік – біздің көпэтносты қоғамның басты құндылықтары екенін түсіне бастайсың», - дейді полиция капитаны Мирзоев.