Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде Балалар жылы аясында «Архив және болашақ ұрпақ» тақырыбында ашық есік күні өтті. Оған өңірдің белгілі оқытушылары мен колледж студенттері және мектеп оқушылары қатысты. Іс-шара барысында архив қоймаларына экскурсия жүргізіліп, архив қорлары негізінде дайындалған құжаттар көрмесі ұйымдастырылды. Бұл күні М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбайдың жеке тектік қорының тұсаукесері де өтті.

 
«Архив және болашақ ұрпақ» атты ашық есік күні ел бойынша ұйымдастырылып жатыр. Бұл игілікті шарадан СҚ мемлекеттік архиві де шет қалған жоқ. Ұйымдастырушылар іс-шара барысында  колледж студенттері мен оқушыларына архив қоймаларына экскурсия жүргізіп, архив негізінде дайындалған құжаттар көрмесін көрсетті.  

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВТІҢ ДИРЕКТОРЫ:
-
«Сонымен қатар бүгінгі күні біз өзіміздің қорымызда сақталған 100 жылдық тарихы бар архивіміздің 20-жылдарда басталған балалар қозғалысының құжаттарын тұңғыш рет қойып отырмыз. Ол кезеңде 1922 жылы осы Петропавл қаласында балалар ұйымы құрылған. Ол ұйымның аты «Спартак» деп аталынды. Осы ұйымға қатысқан алғашқы мүшелері жөнінде біз фото құжаттарды қойып отырмыз. »

Бұл күні саналы ғұмырын ғылымға арнаған М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбайдың жеке тектік қоры ашылды. Оған Зарқын Сыздықұлының ғылыми еңбектері мен фотосуреттері және мақалалары енгізілді. 

 ЗАРҚЫН ТАЙШЫБАЙ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОРЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:
-
«Бұл архивті сіздер де жақсы көріңіздер. Сонда қызықтау үшін тарихты білу үшін керек болатын болса, екінші нағыз тарихты, нағыз жазба деректерді қалай пайдалану керек екенін, қалай оқу керек екенін оқыңыздар. Сонда көптеген аталарыңыздың, әжелеріңіздің істеген шаруаларын көріңіздер. Бұл архивпен таныс болған балалар Отанын сүйетін патриот, қазақ елдің қорғаны қомқоры болып өсіп-өнуіне тілектестік білдіремін.»

Балалар жылы аясында облыстық мемлекеттік архиві «Архив құжаттарындағы өлкенің тарихы» тақырыбында эссе байқауын жариялаған болатын. Оған өңірдің түкпір-түкпірінен 100-ден астам оқушы қатысты. Олардың арасында Мамлют ауданы Бике ауылындағы Ленин орта мектебінің 10 сынып оқушысы Мадина Сүлейменовада бар. Ол үшінші орынға ие болды.  

 МӘДИНА СҮЛЕЙМЕНОВА, ЛЕНИН ОРТА МЕКТЕБІНІҢ 10 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
-
«Мен эссені Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімімен жаздым. Біз архивтан көптеген мәліметтерді іздедік. Ауылды зерттедік. Және де ауылдағы үлкен адамдардан ауыл туралы ақпарат іздеп, соны қосып жаздық.» 

 Сондай-ақ, ашық есік күніне келгендер архившілердің жұмысымен жақынарық танысуға мүмкіндік алды. Осы сынды шаралар келешекте де ұйымдастырылады.

                   
 Нұрбол Балғабеков