Жаңа жылыту маусымына дайындық
«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, өңір тұрғындарының басым бөлігі көмір, отынды тиімді бағамен сатып алып, жылыту маусымына дайын. Бұл қатарда Уәлиханов ауданының тұрғындары да бар.
Бүгінгі күні мұнда көмір түсіретін 4 тұйық бар. Мәселен, аудан орталығы Кішкенекөл ауылының жанында орналасқан «Қызыл-ту Көмір» тұйығында «Майкөбенің» 300 тоннасы, «Шұбаркөлдің» 100 тоннасы және «Богатырьскийдің» 600 тоннасы жатыр. Көмірдің тоннасы сапасына қарай 11-14 мың теңге аралығында.
МАРАТ РАМАЗАНОВ, «ҚЫЗЫЛ-ТУ КӨМІР» ТҰЙЫҒЫНЫҢ УЧАСКЕ БАСШЫСЫ:
- Жақында «Шұбаркөлдің» 10 вагоны, «Богатырскийдің» 15 вагоны және «Қаражараның» көмірі тиелген 10 вагоны, «Майкөбенің» 5 вагоны келуі тиіс.Жалпы, ауданда жағдай тұрақты. Халық қажет мөлшерде қатты отынды сатып алып жатыр. Ұзын-сонар кезек жоқ. Бізге Уәлиханов ауданынан ғана емес Ақжар, Тайынша аудандарынан келетіндер де баршылық.
Майгүл Сейілбек