«AMANAT» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өтті. Кездесуге МҮГЕДЕКТІГІ БАР жандар мәселелерімен келді. Қабылдауға жалпы 7 адам жазылған. Олар негізінен, тұрғын үй жағдайын жақсарту, мүгедектікті рәсімдеу, жәрдемақыға қатысты проблемаларын айтты.

 Петропавлдық Роза Жүсіпова - екінші топтағы мүгедек. Оның үстіне жалғыз өзі 1 бөлмелі жатақханада қос қызымен тұрады. 39 жастағы әйел денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайды. Ай сайын төлем жасап отыру қиындық тудыратынын айтады. Жеке баспанасын аңсап жүрген оның әкімдікте пәтер кезегінде тұрғанына 10 жыл болыпты.

РОЗА ЖҮСІПОВА, қала тұрғыны:
- Жуынуға баратын жер жоқ. Қайта-қайта көшіп жүрдік. Қазіргі жатақханада тұрып жатқанымызға 1 жыл болды. Осы мәселе бойынша әкімдікке талай рет барып, кезегім туралы сұрадым. Барлығының жауабы бір - кезегіңізді күтіңіз, аласыз дейді.

Қазір қала тұрғыны кезекте 1369-ші боп тұр. Оған жеткенше әлі талай жыл күту керек. Сондықтан партия өкілдері тұрғын үй жалдау субсидиясын рәсімдеуді ұсынды.

ГҮЛФИРА РАМАЗАНОВА, «AMANAT» партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі:
- Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандарына бұл істі бақылауға алып, қала тұрғынына көмектесу тапсырылды. Бұл мәселені біржақты ету үшін меценаттар мен қайырымдылық қорларын да тартамыз ба деп отырмыз.

Тағдыр тауқыметін тартып жүрген Валентин Макух та баспана мәселесі бойынша жүгінді. Екі қолынан жартылай айырылған 1-ші топтағы мүгедек жан жер үйде тұрады. Жақыны жоқ азамат қыста отын-көмір кіргізіп, пеш жағудың қиын екенін айтты. 

ВАЛЕНТИН МУКУХ, қала тұрғыны:
- Жарықты уақытылы төлемегенім үшін қиып тастады. Үйдегі жағдай мәз емес. Сол үшін көмек сұрап «AMANAT» партиясына келіп отырмын. Мәселемді тыңдап, қалай шешу керектігін түсіндіріп берді. Қоғамдық көлікте тегін жүріп-тұру бойынша Театральная көшесіне, 36 мекенжайындағы мекемеге баруым керек екен.

Гүлфира Рамазанова 50 жастағы петропавлдыққа Смирноводағы мамандандырылған мекемеге баруды ұсынды. Нысан 1,2 топтағы мүгедектер мен қарт адамдарға арналған.

ГҮЛФИРА РАМАЗАНОВА, «AMANAT» партиясы СҚО филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі:
- Халықты жұмыспен қамту орталығы мен бейінді бөлім қызметкерлері қажетті құжаттарды дайындап, медициналық тексерістен өткізуге көмектеседі. Жалпы, орталық Валентин Макухтің көңілінен шығады деген ойдамыз. Ол жақта тамағы уақытылы беріледі, қысты жылы жерде қарсы алмақ.

Қабылдауға жалпы 7 адам жазылған. Олар тұрғын үй жағдайын жақсартудан бөлек, мүгедектікті рәсімдеу, жәрдемақыға қатысты проблемаларын көтерді.