Ақжар ауданында облыстық дәстүрлі жазғы "Ақ бидай"спартакиадасы басталды. Онда 300-ден астам қатысушы 5 күн бойы волейбол, футбол, баскетбол, шахмат, бокс, нысанаға ату және басқа да , жалпы  спорттың 15 түрінен жарысатын болады. Бейнесюжетке назар аударайық.

Биыл «Ақ бидай» жазғы спорт мерекесінің жалауы Ақжар ауданында көтерілді. Спартакиада соңғы рет коронавирусқа байланысты 2019 жылы Қызылжар ауданында өткен болатын. Облыстың барлық аудандарынан 300-ден астам спортшы өздерінің үздік екендерін дәлелдеу үшін Талшыққа келді. Спортшылардың қатарында тіпті әлемдік ареналарда өнер көрсеткен спорт жұлдыздары бар.

ҒАНИ НЫҒЫМЕТОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Біріншіден СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан осы «Ақ бидай - 2022» жазғы спорт ойынларының ашылуымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер.  Бұл ойындар сіздер білесіздер, жыл сайын өткізіліп тұрады. Өкінішке орай, пандемияның кезінде ойындар тоқтап қалды. Екіншіден, Ақжа рауданның халқына, басшылығна рахмет айтамын. Осы мерекенің иесі болып отыр.

 Жарыстың екінші күні ойын қыза түсті. Жанкүйерлер үшін ең қызықты спорт түрлерінің бірі бокс болды. 60-тан астам спортшы шаршы алаңға шықты. Олар 8 салмақ дәрежесінде бақ сынады.  63 келі салмақ дәрежесінде Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов ауданының намысын қорғауға келген жігіттер өзара мықтыны анықтады. Спортшылар осығвн дейін де жұдырықтасқан. Сондықтан бір-бірінің тәсілін жақсы біледі.  Нәтижесінде Ғабит Мүсірепов ауданынан келген спортшы жеңіске жетті.

АМАНТАЙ ҚАСЫМОВ, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ АУДАННЫҢ СПОРТШЫСЫ:

 - Мен бокспен 10 жасымнан бастап айналысып келемін. Сонымен қатар, кикбокстан спорт шеберімін. Бұл жарыстарда 4 жекпе-жек өткіздім, төртеуінің әрқайсысы да өзінше ауыр болды, бірақ бүгінгі финалда менің күшім айқын болып, жеңіске жеттім. 

Ал волейбол алаңында қыздар арасында бірінші орын үшін Мағжан Жұмабаев және Қызылжар ауданының спортшылары жиналды. қызылжарлықтар өздерін мықты екендіктерін дәлелдеді. Есеп  3:0.

АНАСТАСИЯ ЭЙНИКИС, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ВОЛЕЙБОЛ КОМАНДАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ:

 - Бізде жаттықтырушылар жұмыс істейді, жаңа жас спортшыларды тәрбиелейді. Финалға шығу үшін 2 ойын болды. Қарсыластар осал емес. Жақсы дайындықтың арқасында жеңіске жеттік.

 Ал футбол алаңында Ақжарлықтар мен Шал ақын ауданынан келген футболшылар қола медаль үшін бақ таласты.  Алғашқы 30-минутта шалақындықтар өз қарсыластарынан басым түсіп, бірден 2 гол соқты. Ойын соңында Шал ақын ауданының футболшылары 3.0 есебімен жеңіске жетті.

ЖАНДОС ДҮЙСЕМБИН, ШАЛ АҚЫН АУДАНЫ ФУТБОЛ КОМАНДАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ:

- Біздің өзіміз ауданда жиі футбол ойнайтынбыз. Үздіктерді іріктеп жаттығып, бүгінгі жарысқа келдік. Соңғы 3 жылда біз үнемі жүлделі орындарға ие болып жүрміз.  Уәлиханов ауданының спортшыларымен  қиын ойын болды, Айыртаулықтармен өткен алғашқы кездесу де оңай болған жоқ, өйткені біз 2-0 есебімен ұтылдық, бірақ соңында жиналып, 3-2 есебімен жеңіске жеттік.

Ақжар ауданында өтіп жатқан Ақбидай жазғы мерекесі 24 шілдеге дейін жалғасады. Алда спортшылар гір спортынан, еркін күрестен, ауыр атлетика мен үстел теннисінен жарысады.

 

Айгерім Құсайынова