1992 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен ҚР Қарулы күштері құрылды. Сол уақыттан бері міне, 27 жыл бойы 7 мамыр күні - Отан қорғаушылар күнін тойлап келеміз. Бұл еліміздің қорғаныс қабілетінің жетілгендігін дәлелдейтін мереке. Ел тыныштығын сақтап жүрген ер-азаматтарды облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек құттықтап, үздіктерді марапаттады.

ДӘУРЕН ЖАНДАРБЕК, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- 7 мамыр - біздің отан қорғаушыларымыздың күні. Бұл мереке батырлық пен батылдықтың, отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің мерекесі.

Мерейлі мереке күні әскери қызметшілердің еңбегі еленді. 5-еуі СҚО әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, 4 азаматқа алғыс хат табысталды.  Солардың бірі - Азамат Ғабдуллин. Биыл әскери салада еңбек етіп жүргеніне 21 жыл толады. 2018 жылдан бері  ҚР Ұлттық Ұлан әскери институты басшысының орынбасары лауазымында.

АЗАМАТ ҒАБДУЛЛИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАН ӘСКЕРИ ИНСТИТУТЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бүгін міне облыс әкімінің атынан алғыс хатпен марапатталып отырмын. Шын жүректен барлық ардагерлерді, отан қорғап жүрген жауынгерлерді құттықтаймын шын жүректен.

Елге адал қызмет етіп, патриот болу тек қана ер азаматтардың міндеті емес. Айман Абжапбарова 5 жылдан бері әскери салада еңбек етуде. Ол - СҚО қорғаныс істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы.Айманның  өмірлік  серігі де  осы сала қызметкері. Әскери форма киіп, елге адал қызмет ету бала күнгі арманы екен. Осы күні ел тыныштығын сақтап жүрген әріптестерін мерекемен құттықтап, өзінің жылы лебізін білдірді.

АЙМАН АБЖАПБАРОВА, СҚО ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Шыны керек, әскерде болғандықтан ұл деп қыз деп бөлінбейді. Барлығына бірдей қарайды. Осы мамандықты таңдағаныма өкінбеймін.Керісінше елге қандай да бір пайдам тигеніне өте қуаныштымын. Отанымыз Қазақстанға адал қызмет еткендерге жұмыстарына табыс тілеймін.

Отан қорғаушылар  күніне  арналған  салтанатты  шараның  соңы  мерекелік концертпен жалғасын тапты. Бұл  күні  сахнадан  шырқалған әскери-патриоттық  әндер  ел айбыны  ерлеріміздің  құрметіне арналды.

Жансая ҚАЙЫПОВА