«Савансьер» хореография мектебінің тәрбиеленушілері Австрияда өткен кезекті жарыстан жүлдемен оралды. Вена вальсінен ашық чемпионатына 50 мемлекеттен 118 жұп қатысқан. Мың бұралған бишілердің арасынан Қазақстанның намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінген жұппен арнамыздың түсірілім тобы танысып қайтты.
Жұптық жұмыс, әуезді әннің сүйемелдеуімен орындалатын ырғақты дене қимылдары, позициялар. Тек асқан шеберлер осы аталғандарды еш қатесіз орындап, би алаңында қазылар алқасына өнерлерін көрсетеді. 20 жұптың ішінен әдемі би қимылдарымен ерекшеленіп, жеңіске жете алады. Солардың бірі - біздің жерлестеріміз Кирилл Новиков пен Ярослава Кузнецова. Талантты бишілердің бірге жұмыс істеп жүргендеріне бір жарым жыл болған. Осы қысқа ғана мерзімде олар талай сайыстардан жүлдемен оралды. Қарашаның 17 мен 18 аралығында Вена қаласында вена вальсінен Австрияның ашық чемпионатынан да олар құр алақан оралған жоқ.
КИРИЛЛ НОВИКОВ, СПОРТТЫҚ ГИМНАСТИКАДАН БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР МЕКТЕБІНІҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:
- Турнирге келісімен бірден көптеген талантты әрі кәсіби бишілерді көрдік. Кейбіреулерінің өнерлерін тіпті ғалатордан ғана көрген болатынбыз. Сол себепті әлем танитын өз ісінің шеберлерімен бақ сынасу және үздіктердің қатарынан көріну біз үшін үлкен мәртебе.
ЯРОСЛАВА КУЗНЕЦОВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
- Вена вальсі еуропалық программаның ішіндегі ең қиын бидің түрі болып табылады. Себебі бәрі бірдей қимылдарды орындайды. Алайда оларды жақсы, сапалы әрі әдемі етіп орындау үшін өте көп жаттығу қажет.
Спорттық бимен кәсіби түрде айналысып жүрген бишілер биыл қыркүйек айында Гонконгта өткен Азия чемпионатынан да жүлделі оралды. Ол жақтан келісімен бірден Австрияда өткен халықаралық додаға дайындала бастапты.
ЮЛИЯ ШИРИНА, «SAVANSER» ХОРЕОГРАФИЯ МЕКТЕБІНІҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:
- Австрияда өткен вена вальсінен чемпионатқа қатысқан 118 жұптың ішінен біз 3-ші орынға жайғастық. 1967-ші жылдан бері қазіргі уақытта біздің көрсеткен нәтижеміз Қазақстандағы ең үздік деп есептеледі. Осы уақытқа дейін біз Самарадағы, Мәскеудегі турнирлерге қатысып бірнеше рет жүлдемен оралған болатынбыз.
Вена вальсінен Австрияның ашық чемпионатына Қазақстанның намысын қорғап барған Ярослава мен Кириллдің жұбымен қатар жеңіс тұғырынан бірінші орынға Австриялық және екінші орынға Бельгиялық бишілер жайғасты. Олар енді келесі жылы наурыз-сәуір айларында өтетін Қазақстанның чемпионатына дайындалмақ.
Майгүл СЕЙІЛБЕК