Облыстық бейнелеу мұражайында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, кино және театр актері, жерлесіміз Асылболат Смағұловтың «Туған жер» атты жеке көрмесі ашылды. Бұл көрме солтүстікқазақстандықтарды облыстан тыс жерде тұрып жатқан жерлес суретшілеріміздің өнерімен таныстыруды көздейтін «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы «Туған өңір-тұнған сыр» атты жобасының жалғасы болып табылады. Көрмеге асыл азаматтың 40-тан аса өнер туындысы қойылды.
Сегіз қырлы,бір сырлы – Асылболат Смағұлов 1951 жылдың 18 ақпанында Солтүстік Қазақстан облысы, Бостандық ауылында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге жақын болған.Негізгі мамандығы актер болғанымен, жұмыстан тыс уақытта бейнелеу өнерімен айналысып, жыр,терме орындайды, мүсін жасап, ұлттық арналарда бағдарлама жүргізіп те үлгереді. Жан-жақты тұлғаны бүгінгі жеке мерекесімен өңір басшысының бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтап, шығармашылық шабыт тіледі.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
- Жерлестеріңіз мақтанады,қуанады сіздің жетістіктеріңізбен. Ал бүгін ерекше Солтүстік Қазақстан еліңізге келіп Рухани жаңғыру» Елбасының бағдарламасын жалғастырып жатырсыз осы жерде. Мынау өзіңіздің жеке көрмеңіздің ашылуымен сізді шын жүректен құттықтаймын. Облыс әкімінің атынан, өзімнің атынан.
Жерлесіміз театр қойылымдарында Бекежан,Жантық, Махамбет, Балуан-Шолақ рөлдерін жоғары деңгейде сомдаған.Сондай-ақ «Көшпенділер», «Біржан Сал», «Лавэ» секілді отандық киножобалар және «Қазақстан» республикалық телеарнасында «Жиһанкез» тележобасы арқылы көпшілікке танымал болды.Бойында түрлі өнер тұнған Асылболат ағамызды жеке көрмесімен құттықтап, өздерінің жылы лебіздерін жолдап оның жора-жолдастары, сыныптастары, құрбы-құрдастары келді.
БАЯН БАЙМҰҚАНОВА, А.СМАҒҰЛОВТЫҢ СЫНЫПТАСЫ:
- Жігітке жеті өнер де аз дегендей, бүгінгі күні бәріміз менің сыныптасым 1968 жылы қаламыздағы нөмірі екінші мектеп-интернатты бірге бітірген Асылболат Смағұловтың бүгінгі өнер суреттерінің барлығының көрмесіне келіп отырмыз. Себебі оның суреттерінің барлығы терең мағыналы. туған жерге арналған.
МҰХАМЕДИЯР ШАЯХИН, А.СМАҒҰЛОВТЫҢ СЫНЫПТАСЫ:
- Мына суреттерді қарап, қазір өзіміздің халқымыздың үлкен бір жолын, анау келе жатқан Бейбарыстың жолы сияқты, Жібек жолы сияқты ата-бабалардың қалған молалары, сондай суреттерден бастап мына тұрған Қобыз. Біз бірге өсіп,бірге ойнап әлі күнге дейін достығымыз үзілмей келе жатыр.
Асылболат Смағұловтың кескіндеме туындылары сезімталдығымен, тереңділігімен, бояулардың қанықтылығымен, сюжеттік күрделілігімен, өзіндік композициялық шешімімен ерекшеленеді.Көп туындылары автордың актерлік қызметімен тығыз байланысты – суретте, автор және оның әріптестері сахнада сомдаған кейіпкерлер дәуірі, сол заманның рухы, эмоциялары мен қасіреттері айқын бейнеленген.
АСЫЛБОЛАТ СМАҒҰЛОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ, КИНО ЖӘНЕ ТЕАТР АКТЕРІ:
- Мен бала кезімнен,кішкентай кезімнен сурет салу болды. Бірақ мен сол баяғы оқу таңдар кезде де осы қаладағы интернатты бітірдік қой,сол кезде таңдау басталған кезде мен шынында да өнерге қарай кеттім. Мен сол бала кезімнен жақсы көретінмін,қолымнан қарындаш түспейтін. Көбіне үйдің өзін де шимайлап салып та жүретінмін. Өте қызығатынмын.
Кеш барысында автор көрермендерді өзінің туындыларымен таныстырып, әсем әндерімен қуантты.
Өз туған жерінде автор түрлі жанрларда орындалған 40-тан астам кескіндеме және графика туындыларын ұсынды. Айта кеткен жөн көрме аяқталысымен Асылболат Смағұлов облыстық бейнелеу өнері музейіне өзінің суреттерін сыйға тартпақ.
Майгүл СЕЙІЛБЕК
Тегтер: Петропавл жаңалықтары мен оқиғалары, Солтүстік Қазақстан облысының соңғы жаңалықтары, Петропавлдағы соңғы жаңалықтар, көрме, суреттер, Асылболат Смағұлов