2025 жылғы 10 тамызда Қызылжар ауданы әкімінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты төте сайлау өтеді. Бұл шешім «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 113-1-бабы 1-тармағының 2-ші тармақшасына сәйкес қабылданды.
Осыған орай, 2025 жылғы 23 маусымда Солтүстік Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Жиын барысында аудан әкімін сайлауға дайындық пен оны өткізуге арналған негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары қаралып, бекітілді. Сондай-ақ, сайлау кезеңінде облыстық сайлау комиссиясы мүшелерінің жұмыс тәртібі нақтыланды. Отырыс аясында басқа да ұйымдастыру мәселелері қаралып, күн тәртібіндегі барлық тармақтар бойынша қаулылар қабылданды. Қызылжар ауданы әкімін сайлау туралы толық ақпаратты аудан әкімдігінің ресми сайтындағы аумақтық сайлау комиссиясының интернет-парақшасынан алуға болады.