Соғыс кезінде тылда еңбек еткендер айырықша құрметке ие. Ұлы Жеңістің мерейтойы қарсаңында «Бәрі майдан үшін» деп астық алқабы мен зауыттарда тер төккен жандарды еске аламыз. Солардың бірі - жерлесіміз Прасковья Созыкина. Қиын-қыстау күндерді бастан кешіріп, көпті көрген 90 жастағы әжеймен әріптесім Майгүл Сейілбек әңгімелесіп қайтты.
Прасковья Ивановнаның балалық шағы Қорған облысының Мартыновка елдімекенінде өтті. Соғыс басталған кезде бойжеткен еді. Ел басына күн туған кезде ол көппен бірге майдандағы жерлестерін азық-түлік, киім, қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін тынбай жұмыс істеген жандардың бірі.
ПРАСКОВЬЯ СОЗЫКИНА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
-1941 мен 1945 жылдар аралығында мен ұжымшарда еңбек еттім. Аяқ астынан басталған соғысқа әкем мен бауырларым аттанып, біз анаммен елде қалып, астық жинадық. Бірақ сол жылдары міндетті түрде комсомол болу керек деген талап болған. Ештеңеге қарамасатан солдаттарымызды қолымнан келгенше қолдаймын деп комсомол болдым. Егін жинаумен қатар, барлық ауыр жұмысты істедік.
Кейін тағдырдың жазуымен Челябі облысындағы Озерск қаласына көшіп, біраз жыл бойы сол жақта тұрған.
МАЙГҮЛ СЕЙІЛБЕК, ТІЛШІ:
- Совет Үкіметінің тарихындағы ең ірі және алғашқы жарылыстардың бірі ол 1957 жылдың 29 қыркүйегінде Челябинск- 40 жабық қаласында орналасқан Маяк химиялық комбинатында орын алған. Бұдан кейін 29 жылдан соң Чернобыль қаласында да дәл осындай жарылыс болған. Ал, Челябинск қаласында болған жарылыс Чернобыль мен Фукусимадан кейін 3ші орында тұр. Және де бұл үлкен апатта 300мыңға жуық тұрғын зардап шеккен.
Прасковья Ивановна - осы жарылыста зардап шеккендердің бірі. Апат болған жылы ол құрылыс кәсіпорындарының бірінде, кейін радиозауытта еңбек еткен. Ол кезде қала жабық еді. Маяктағы жарылыс туралы ақпарат сыртқа шығып кетпеу үшін тұрғындарға басқа өңірлермен хат алмасып, қаладан шығуға рұқсат берілмеген. Тек 1989 жылы оқыс оқиға расталып, басылым беттеріне шыққан.
ПРАСКОВЬЯ СОЗЫКИНА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ :
- 1957 жылдың 29 сәуірінде мен зауытта оператор болып жұмыс істедім. Дәл сол күні біз шамамен 9 метрге жердің астына түскен едік. Кенеттен дәл біздің жанымызда қатты жарылыс болды. Басында не болғанын түсінген де жоқпыз. Бірақ кейін қаланы бірден тазарта бастады. Кейін ғана радиоактивті сәулелерден зардап шеккенімізді түсініп, жағдайымыз қиындап кетті. Бөтен кісілерге не жағдай болғанын айтуға тиым салынды.
Прасковья Ивановна 63 жыл бұрын сол кездегі жабық қалада болған зұлмат апатты жоюшылар қатарына жатады. Петропавлға көшіп келгесін әжей Киров зауытына жұмысқа орналасқан. Сол мекемеден зейнет демалысына шыққан. Көпті көрген қария ең бастысы бейбіт өмір болса екен дейді.
Майгүл СЕЙІЛБЕК