Петропавлда жастардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған тағылымды кездесу өтті. Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ұйымдастырылған бұл шарада нашақорлық, интернет-алаяқтық және жастар арасындағы құқықбұзушылықтар тақырыбы кеңінен талқыланды. Кездесу Teach-in - еркін диалог форматында өтіп, «Нашақорлыққа жол жоқ» атты айлықтың қорытындысы болды. Толығырақ әріптесім тарқатады.
Шараға Петропавл қаласының жастары мен ұйым өкілдері қатысты. Келген қатысушылар тек тыңдаушы болып қана қоймай, спикерлерге еркін сауал қойып, өз ойларын ашық жеткізді. Іс-шараны Солтүстік Қазақстан облыстық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
СНХР:Дамир Абдин, Петропавл қаласы, жастар ресурстық орталығының жетекшісі
Кездесуде ең өзекті тақырыптардың бірі - дропперлік пен киберқауіпсіздік мәселелері болды. Бүгінде интернет арқылы жасалатын алаяқтық түрлері көбейіп, оған жасөспірімдер жиі тартылуда. Заңсыз схемаларға алданған жастар өздері қылмыстың бір бөлігіне айналып жатқанын аңғармайды. Осы мәселеге қатысты құқық қорғау органдарының өкілдері нақты мысалдар келтіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
СНХР: Милена Балацкая, СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі
Жиынға қатысушылар алаяқтыққа қатысты өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты – жастардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, оларды түрлі қауіп-қатерден сақтандыру, ойларына жауапкершілік ұғымын себу.
Полиция департаментінің дерегінше, жыл басынан бері өңірде 300-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Залал көлемі 600 миллион теңгеден асқан. Бұл - тек ресми статистика. Сондықтан мамандар жастармен мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жиі әрі жүйелі түрде жүргізуді көздеп отыр. Себебі қоғамның қауіпсіздігі - ең алдымен, саналы ұрпақтың қолында.