Өлке тарихы – жас зерттеушілер назарында
Қызылжар ауданында жас тарихшылардың III республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Еуразиялық кеңістіктің тарихы мен мәдениетіне арналған жиынға еліміздің әр өңірінен оқушылар мен ұстаздар қатысты. Олар Қазақстанның тарихи мұрасы, өңірлердің дамуы және көрнекті тұлғалар жайлы ғылыми жобаларын қорғады
Петерфельд ауылындағы «Қызылжар Абай орта мектебінде» жас тарихшылардың III республикалық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында пленарлық отырыс пен секциялық жұмыстар өтті. Іс-шараны өңірлік әдістемелік орталық пен М.Қозыбаев атындағы СҚУ-нің Қазақстан тарихы және құқық кафедрасы, Солтүстік Қазақстан облысы тарих пәні мұғалімдері қауымдастығының қолдауымен өткізді.
ДУМАН ЗІКІРИН – «ҚЫЗЫЛЖАР АБАЙ ОРТА МЕКТЕБІ» КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЕМЕС ҚОРЫНЫҢ ТАРИХ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ
ГАУХАР ІЛИЯСОВА –М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚУ-НІҢ КАФЕДРА МЕҢГЕРУШІСІ
Менің ойымша, ұсынылған жобалар өте қызықты болады. Конференция бес секция бойынша өтеді. Соның бірі облыстың 90 жылдығына орай Солтүстік Қазақстан өңірінің тарихына арналған. Дәл осы секцияда ең көп жұмыс ұсынылған, олардың саны – 17. Сондықтан бүгінгі конференция нәтижелі әрі мазмұнды өтіп, оқушылардың көңілінен шығады деп сенемін.
Қазақстан өңірлерінің тарихы түрлі дәуірлерден сыр шертетін ескерткіштер мен жәдігерлерге бай. Конференцияның мақсаты – ұстаздар мен дарынды оқушылардың зерттеушілік қабілетін қолдау, тарихи оқиғалар мен үдерістерді тереңірек зерделеуге мүмкіндік беру. Сонымен қатар жас зерттеушілер өз ғылыми жұмыстарын көпшілікке ұсынып, тәжірибе алмасады. Бұл – өскелең ұрпақтың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, тарихи мұраны терең тануына жол ашатын бастама.
НҰРАЙ АХМЕТ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ҚАЗАҚ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ
Конференция барысында қатысушылар өңір тарихы мен жетістіктеріне, сондай-ақ көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметіне арналған баяндамаларын таныстырды. Бұдан бөлек, XVIII–XIX ғасырлардағы Қазақстан мен Оңтүстік Сібір аумақтарының әлеуметтік-экономикалық дамуы, қазіргі археологиялық зерттеулердің нәтижелері, өлкетану және Қазақстан тарихын оқыту әдістемесі талқыланды.