«Құқықтық тәртіп»: Петропавл полицейлері көлікті мас күйінде басқарған 17 жүргізушіні ұстады
Өңірде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Іс-шара аясында СҚО полицейлері үш күнде мыңға жуық құқық бұзушылықты анықтады.
20–22 қараша аралығында Петропавлда қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Осы іс-шара аясында сенбіге қараған түні полиция қызметкерлері қаладағы түнгі дәмханалардың бірінде рейд жүргізді. Бұған дейін аталған мекемеден «102» арнасына шақыртулар жиі түскен болатын. Тексеріс барысында қоғамдық орынға мас күйінде келу және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау деректері анықталды. Тәртіп сақшыларының дер кезінде әрекет етуінің нәтижесінде келушілер арасындағы жанжалдардың алды алынды.
Іс-шараның үш күні ішінде барлығы 955 құқық бұзушылық анықталды. Құбылмалы ауа райына байланысты жол қозғалысы ережелерін елемеу деректері ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер өткелінен өту қағидаларын бұзудың 64 және көлікті мас күйінде басқарудың 17 фактісі тіркелді.Мәселен, Петропавлдағы Фурманов көшесінде полицейлер Mazda автокөлігін мас күйінде тізгіндеген 30 жастағы қала тұрғынын ұстады.
Медициналық куәландыру ер адамның мас күйінде болғанын растады, сондай-ақ оның көлік басқару құқығы да болмаған. Жалпы, іс-шара барысында тиісті құжаттарсыз рөлге отырған 27 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін полицейлер облыс орталығындағы Караванная, Украинская және Жамбыл көшелерінде жолдың жүріс бөлігін жасанды түрде тарылту әдісін қолданды. Бұл шара көктайғақ жағдайында жүргізушілердің назарын аударып, оларды жылдамдықты азайтуға және қауіпсіз арақашықтықты сақтауға ынталандыру мақсатында жасалды.
СНХР: Айдын Ахмағамбетов — Петропавл қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі полиция жұмысының барлық негізгі бағыттарын қамтиды. Тәртіп сақшылары барша азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады және «Заң мен тәртіп» қағидатының баршаға ортақ екенін еске салады.