Солтүстік Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы
Солтүстік Қазақстан облысы тарихы терең, мәдени мұрасы бай өңірлердің бірі. Бүгінде облыс аумағында жергілікті маңызы бар 589 тарихи-мәдени ескерткіш тіркелген. Дегенмен бұл, өңірдің тарихи мұрасын толық қамтитын түпкілікті тізім емес. Себебі өлкені зерттеу жұмыстары әлі де жалғасып, бұрын белгісіз болған тарихи нысандар анықталуда. Соның ішінде XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ көшпелілерінің өмірі мен тарихынан сыр шертетін ескерткіштер де бар.
Уақыт өткен сайын тарихи ескерткіштердің бірқатары бүлініп, тіпті жер бетінен жойылып кетуі мүмкін. Әсіресе, жекелеген қорғандар табиғи үдерістер мен уақыттың әсерінен бастапқы қалпын жоғалтып, бүгінде көзге байқалмайтын жағдайға жеткен. Ал кейбір тарихи нысандардан ешқандай із қалмаған. Сондықтан тарихи-мәдени мұраны қорғау тек бар ескерткіштерді сақтаумен шектелмейді. Бұл – жоғалып бара жатқан тарихи жәдігерлерді анықтап, оларды зерттеу және келешек ұрпаққа жеткізу міндеті. Осы бағытта Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
СНХ: Әли Тұрысов – тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:
Тарихи мұраның маңызды бөлігі саналатын архитектуралық ескерткіштердің басым бөлігі облыс орталығында орналасқан. Олардың әрқайсысы – өткен дәуірдің сәулеті мен сол кезеңдегі қоғамдық өмірден мәлімет беретін құнды нысандар. Сондықтан мамандар ескерткіштердің сақталу жағдайын тұрақты бақылауда ұстайды. Нысандарға арнайы барып, олардың қазіргі жай-күйін тексеріп, қорғау шараларын назардан тыс қалдырмайды.
СНХ: Әли Тұрысов – тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры
Тарихи-мәдени мұра – өткен мен бүгінді байланыстыратын алтын көпір. Әрбір ескерткіш – тұтас бір дәуірдің куәсі, ұлт тарихының ажырамас бөлігі. Оларды көздің қарашығындай сақтау, тарихи құндылығын кейінгі ұрпаққа жеткізу – мемлекеттік мекемелермен қатар, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өйткені туған өлкенің тарихын тану оны құрметтеуден, ал құрметтеу тарихи мұраны сақтаудан басталады.