Жиһаз уәде етіп, 16 млн теңге жымқырған
Петропавлда 16 миллион теңгеге жуық қаржыны қалтасына басқан алаяқ әйел қолға түсті. Ол әлеуметтік желі арқылы «шетелдік жиһаз әкелемін» деп жұртты сендіріп, тапсырыс қабылдаған. Алайда уәде етілген қызмет көрсетілмеген. Күдіктіге қандай жаза қарастырылған? Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі дайындаған бейнематериалдан көрейік.
Петропавлдық бірнеше тұрғын алаяқтардың құрбаны болдық деп полицияға шағымданды. Олар әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, жиһаз жеткізу және құрастырумен айналысатын серіктестікке тапсырыс берген. Алайда тапсырыс берушілер ақшасын төлегенімен, уәде етілген қызметті сол күйі алмаған.
СНХР: Асхат Альмурзин — СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары
Қазір қылмыстық іс бойынша 24 дерек тіркелген. Тәртіп сақшылары өзге де жәбірленушілерді анықтап жатыр. Бүгінде серіктестіктің иесі, басқарушысы және бір қызметкері күдікке ілінді. Тергеу барысында 35 жастағы басқарушының тұтынушылардан ақша алып, бірақ жеткізушілерге мүлде тапсырыс бермегені белгілі болды. Енді оған ірі көлемде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін келтірілген шығынның үш еселенген мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе темір торға тоғытылуы қарастырылған.
СНХР: Асхат Альмурзин — СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында жоқ тауарларды сатуға байланысты 48 интернет-алаяқтық дерегі және интернет арқылы қызмет көрсету кезінде алдаудың 30 жағдайы тіркелді. Полицейлер алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы күмәнді келісімдерден аулақ болауды ескертеді.