Негізгі Жаңалықтар Киберқылмыспен күрестің жаңа тәсілі

Киберқылмыспен күрестің жаңа тәсілі

Солтүстікқазақстандық полицейлер интернет-алаяқтықпен күресте заманауи технологияның көмегіне жүгінді. Енді қоғамдық орындарда тәртіп сақшыларымен бірге дауыс зорайтқышпен жабдықталған робот-ит те профилактикалық жұмыс жүргізеді. «Темір көмекші» сауда үйлері мен вокзалдарда тұрғындарға киберқылмыскерлердің ең кең таралған алты айла-тәсілін түсіндіріп жүр.Толығырақ облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі дайындаған материалда.

Робот-иттің қоғамдық орындарда пайда болуы әрдайым адамдардың назарын аударады. Солтүстік Қазақстанның полицейлері оны интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында пайдаланып жүр.

СНХР: Милена Балацкая – СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі 

10 ай ішінде облыста 443 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Оның 302-сі аурухана, ұялы байланыс операторлары, коммуналдық қызметтер және басқа да ұйымдар атынан жалған қоңырау шалумен байланысты. Алаяқтар адамдарды SMS-хабарламадағы кодты айтуға көндіреді. Содан кейін басқа адам қоңырау шалып, осы код арқылы бөгде адамдар олардың атына несие рәсімдеп жатыр деп сендіреді. Бұған жол бермеу үшін несие рәсімдеп, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудару қажеттігін айтады. Алайда бұл шоттағы қаражат алаяқтардың қолына түседі. Бұл – алаяқтықтың ең кең таралған тәсілі.

Адамдар таныстарының атынан келетін ақша аудару туралы өтініштерге де жиі сеніп қалады. Полицейлер құрылғыларды бұзу тәсілдерін алаяқтықтың жеке бір түрі ретінде қарастырады. Мәселен, шығармашылық байқауға қатысып жатқан балаға дауыс беруді сұраған жалған хабарламалар таратылады. «Дауыс беру сілтемесіне» өткен кезде телефонға вирус жұғады. Алаяқтықтың басқа тәсілдеріне алдын ала төлем жасауды талап ететін тауарлар мен қызметтер туралы жалған хабарландырулар, сондай-ақ күмәнді интернет-ресурстар арқылы инвестиция салу ұсыныстары жатады.

СНХР: Милена Балацкая – СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі

Полиция интернет-алаяқтықтың алдын алудың түрлі тәсілдерін қолданады. Белсенді профилактикалық жұмыс өз нәтижесін беріп келеді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл интернет-алаяқтық деректерінің саны 29,9%-ға азайды. 


Бөлісу