Ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
Қараша айының үшінші жексенбісінде елімізде Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Осы мерекеге орай Солтүстік Қазақстан облысында салтанатты шара өтті. Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында аграрлық саланың үздік өкілдеріне құрмет көрсетілді. Мерекелік жиынға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Алтынай Қазиқан жалғастырады.
Бірінші қабатта сала қызметкерлерінің портреттері қойылған «Жер. Еңбек. Адам» атты фотокөрме ұйымдастырылды. Ал екінші қабатта «Нан – туған жердің байлығы» экспозициясы ұсынылды. Онда жергілікті дәстүрлер мен ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу саласы мамандары еңбегінің нәтижелері көрсетілген. Салтанатты шараны Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, сала өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол облысымыз дәнді дақылдар өсіретін өңірлер арасында еліміз бойынша үздік нәтиже көрсеткенін атап өтті. Биыл 1 миллион 400 мың тонна майлы дақыл және 4 миллион 900 мың тонна дәнді дақыл жиналды. Орташа өнімділік гектарына 17 центнерді құрады. Сонымен қатар Ғауез Нұрмұхамбетов жерлестеріміздің еңбегін Мемлекет басшысы да жоғары бағалағанын жеткізді. Әсіресе, сүтті мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылған.
ЛЮФТ: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Еліміздің аграрлық саласын дамытуға қосқан үлесі, көп жылғы еңбегі мен кәсібіне деген адалдығы үшін 40-қа жуық солтүстікқазақстандық азамат жоғары наградалармен марапатталды. Мәселен, Ғабит Мүсірепов ауданының «Целинное-2004» ЖШС директоры Серік Ыбраев 3 дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденіне ие болды. Ол ауыл шаруашылығы саласында 43 жылдан бері еңбек етіп келеді. 30 жылдан астам уақытын басшылық қызметке арнаған.
СНХ: СЕРІК ЫБРАЕВ –ЖШС ДИРЕКТОРЫ, Ғ. МҮСІРЕПОВ АУДАНЫ
«Егін» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Владимир Чубыкин «Құрмет» орденімен марапатталды. Шаруашылық 30 жылға жуық уақыттан бері егін шаруашылығымен айналысады. Кәсіптің өркендеуіне мемлекеттік қолдау шаралары да ықпал етуде.
СНХ: ВЛАДИМИР ЧУБЫКИН –ЖШС БАСШЫСЫ , ЕСІЛ АУДАНЫ
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Кештің арнайы қонағы – танымал қазақстандық опера әншісі Медет Шотабаев. Өнерпаздар өз өнерлерімен аграрлық сала қызметкерлеріне ұмытылмас әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.