Аға буынның қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет
Солтүстік Қазақстан облысында өрт қауіпсіздігі онкүндігі өтіп жатыр. Оның бір күні «Аға буын – сенімді қорғаныста!» тақырыбына арналды. Бұл – төтенше жағдайлар қызметі тұрақты түрде ұйымдастыратын профилактикалық, ақпараттық-түсіндіру шарасы. Азаматтық қорғау органдарының өкілдері облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесовпен бірге Аққайың ауданына барды.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері сала ардагерлерін назардан тыс қалдырмай, оларға үнемі қамқорлық көрсетеді. Игі бастама аясында мамандар Зейнолла Жолдасбаевтың үйіне барып, автономды өрт хабарлағышын орнатты. Енді бұл құрылғы өрт шыққан жағдайда дер кезінде белгі беріп, үй иесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
ТИТР: ЗЕЙНОЛЛА ЖОЛДАСБАЕВ – АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ОРГАНДАРЫНЫҢ АРДАГЕРІ
Профилактикалық шара Смирнов ауылындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жалғасты. Мұнда 200-ден астам адам тұрады. Мекеме қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті әлеуметтік көмек көрсетіп, олардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасайды. Әр тұрғынға қамқорлық танытып, қолдау көрсету – орталық қызметкерлерінің басты міндеті. Ал келген қонақтар өрт қауіпсіздігінің маңызына тоқталып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
ТИТР: НҰРЛАН КЕҢЕСОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Іс-шара барысында төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрт сөндіру құралдарын таныстырып, оларды пайдалану тәртібін көрсетті. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде қандай әрекет жасау керектігін түсіндірді.
ТИТР: МАРИНА САМОЙЛЕНКО – СҚО ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ
Бұдан бөлек, орталық тұрғындарына арнайы техникалар мен жабдықтар таныстырылды. Мамандар қауіпсіздік қарапайым ережелерді сақтап, дер кезінде әрекет етуден басталатынын еске салды. Ал аға буынға қамқорлық көрсету – баршаға ортақ міндет.