СҚО-да ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық ахуал
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Қазан айы басталғалы өңірде 21 мыңнан астам адам сырқаттанса, оның 29-ынан тұмау анықталды. Мамандар аурудың алдын алу шараларын сақтап, екпе алудың маңыздылығын еске салады».
Эпидемиологиялық маусым басталғалы Солтүстік Қазақстан облысында 21 мың 456 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Науқастардың 13 мыңнан астамы — 14 жасқа дейінгі балалар. Тек соңғы аптада төрт мыңға жуық жаңа жағдай анықталды. 6 қазаннан бастап өңірде тұмауға қарсы вакцинация жүргізілуде. Тәуекел тобындағы тұрғындарды иммундау үшін «Гриппол Плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды. Бүгінгі таңда 55 мың 243 адам екпе алды. Вакцинация тіркелген жері бойынша емханаларда тегін жүргізіледі. Температура көтерілу, әлсіздік, тамақ ауруы және мұрын бітелуі сияқты аурудың алғашқы белгілері кезінде мамандар өз бетінше емделмей, медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Профилактика үшін қол жуу гигиенасын сақтау, үй-жайларды үнемі желдету, сырқаттанушылық өршіген кезеңде бұқаралық іс-шараларға бармау және қажет болған жағдайда бетперде тағу маңызды.