Негізгі Жаңалықтар Цифрландыру және өрт қауіпсіздігі

Цифрландыру және өрт қауіпсіздігі

Цифрлық технологияларды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру. Солтүстік Қазақстан облысында түрлі салаларды цифрлық трансформациялау жұмыстары жалғасуда. Білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығына жаңашылдықтар енгізілуде. Сондай-ақ IT-инфрақұрылымды дамытуға және ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл мәселелер облыс әкімдігінің отырысында қаралды. Сонымен қатар жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары талқыланды.

Өткен жылдың қараша айында облыста 2026-2030 жылдарға арналған цифрлық даму стратегиясы бекітілді. Басым бағыттар айқындалып, цифрлық трансформация картасы мен жол картасы әзірленді. Қазір құжат «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы мен Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді ескере отырып, жаңартылуда. Басты мақсат – экономика мен мемлекеттік басқаруды кешенді цифрлық трансформациялау.

СНХ: АЗАМАТ БАЙТЕМІРОВ – СҚО ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ 

Жаңартылған стратегия Smart City және Smart Region бірыңғай цифрлық стандарттарын енгізуді, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қауіпсіздік және қалалық сервистер жүйелерін біріктіруді көздейді. Тағы бір маңызды бағыт – IT-экожүйені дамыту. Digital Aimaq жобасы аясында облыста 16 аудандық және ауылдық IT-орталық жұмыс істейді. Енді алған білімді тәжірибеде қолдануға, цифрлық шешімдер әзірлеуге және жергілікті бизнес тапсырыстарын орындауға бағытталмақ.

СНХ: НҰРГҮЛ БОЛАТОВА – SKO HUB ДИРЕКТОРЫ

Ауылдық жерлердегі интернет байланысының сапасына да ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде облыс ауылдарының 93 пайызға жуығы интернетке қол жеткізген. Дегенмен кейбір елді мекендерде байланыс сапасы әлі де заманауи талаптарға сай емес. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында талшықты-оптикалық желілер тартылып, мобильді инфрақұрылым дамытылуда.

СНХ: СЕРІКБОЛСЫН НАХЫПБЕКОВ – «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ 

Облыс әкімі жобаның жүзеге асырылу барысына және ауылдарды интернетке қосу кезінде туындап жатқан қиындықтарға зер салып, жұмыстардың мерзімі мен сапасын бақылауды тапсырды. Сондай-ақ Ғауез Нұрмұхамбетов цифрландырудың нақты нәтижелеріне баса мән беру қажеттігін атап өтті. Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы цифрлық музейді мысалға келтіріп, жоба Мемлекет басшысының да назарын аударғандығын тілге тиек етті.

СНХ: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Жиында білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларын цифрландыру мәселелері қаралды. Киберспортты дамыту жайы да сөз болды. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға цифрлық жобаларды үйлестіруді және олардың жүзеге асырылуын бақылауды тапсырды.Жиында қаралған келесі мәселе – жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі. Ол басталғалы облыста 28 өрт тіркелген. 

СНХ: ЖОМАРТ АСҚАРОВ – СҚО ТЖД БАСТЫҒЫ

Ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Облыста 25 өрт сөндіру бекеті құрылды. Олар жұмысын бастағалы 62 өртті сөндіруге қатысқан. Жыл соңына дейін тағы 14 бекет ашу жоспарланып отыр. Өрт гидранттарының жағдайы да талқыланды. Олардың шамамен 11 пайызы жарамсыз. Облыс әкімі барлық ақауды 25 желтоқсанға дейін жоюды тапсырды. Тағы бір өзекті мәселе – арнайы техниканың қозғалысына кедергі келтіретін көліктердің дұрыс қойылмауы.

СНХ: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

 Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріндегі өрт қауіпсіздігін бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ мобильді топтар құрып, жатақханалар, хостелдер, кіріктірілген қазандықтары бар көпқабатты үйлер мен пешпен жылытылатын нысандарды тексеру міндеттелді. Бұдан бөлек, өрт сөндіру техникаларының әзірлігін қамтамасыз етіп, өрт сөндіру бекеттерінің үздіксіз жұмыс істеуін бақылауда ұстау қажет.


Бөлісу