Негізгі Жаңалықтар СҚО-да 12 мыңнан астам тұрғын онкологиялық есепте тұр

СҚО-да 12 мыңнан астам тұрғын онкологиялық есепте тұр

Солтүстік Қазақстан облысында онкологиялық аурулар бойынша диспансерлік есепте 12 мыңнан астам адам тұр. Бір жылдың ішінде олардың саны шамамен 600 адамға артқан. Дәрігерлерді әсіресе аурудың асқынған кезеңде анықталуы алаңдатады. Себебі мұндай жағдайда дертпен күресу әлдеқайда қиын. Бұл мәселелер өңірлік онкологиялық орталықта өткен баспасөз мәслихатында талқыланды.

Онкологиялық орталықта қатерлі ісіктің алдын алу және оны ерте анықтау мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Қараша айында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ақпараттық науқан аясында өкпе, қуықасты безі және ұйқыбез қатерлі ісіктеріне ерекше назар аударылады. Мамандар аурудың пайда болу себептері, тексерудің заманауи тәсілдері мен емдеу мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. 

СНХР: ЖІГЕР ДҮЙСЕНОВ – ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ 

Дәрігерлерді әсіресе өкпе қатерлі ісігінің асқынған сатыда анықталуы алаңдатады. Бұл дерттің кеш анықталу көрсеткіші бойынша өңірде жағдай күрделі. Қазір облыста өкпе обыры диагнозымен 501 адам есепте тұр. Жыл басынан бері 199 жаңа жағдай тіркелген. Оның ішінде 44 науқастан ауру төртінші сатысында анықталса, 70-тен астам адамда үшінші сатысына жеткен. Сондықтан мамандар тұрғындарды скринингтік тексерулерден уақытылы өтуге шақырады. Сүт безі мен тоқ ішек қатерлі ісігін ерте анықтау көрсеткіші бойынша Солтүстік Қазақстан облысы республикада үшінші орында.

СНХР: КҮЛЗИПА САНДЫБАЕВА – ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ККДБ МЕҢГЕРУШІСІ

Жалпы, бүгінде өңірде онкологиялық аурулар бойынша диспансерлік есепте 12 мың 300-ге жуық адам тұр. Былтыр бұл көрсеткіш 11 мың 700 шамасында болған. Сонымен қатар аурудан болатын өлім-жітім көрсеткіші де артып отыр. Мамандар мұны өңір халқының жас ерекшелігімен де байланыстырады.

СНХР: ОЛЕГ ДУДЯК – ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ҚЫЗМЕТІН ҮЙЛЕСТІРУШІ

Қазіргі таңда онкологиялық орталықта ауруды анықтау мен емдеудің заманауи әдістері қолданылады. Мұнда жаңа магнитті-резонанстық томография аппараты, эндоскопиялық орталық және заманауи құрылғылармен жабдықталған сәулелік терапия бөлімшесі жұмыс істейді. Сонымен қатар дәрігерлер аудан тұрғындарына арнап көшпелі тексерулер мен тақырыптық онкүндіктер ұйымдастырады. Ал 21 қарашада ұйқыбез қатерлі ісігінің алдын алу және ерте анықтауға арналған ашық есік күні өтеді.



Бөлісу