Заң мен тәртіп: студенттер зияткерлік сайыста бақ сынасты
Заңды білу, өз құқығын сауатты қорғай алу және қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілік таныту. Петропавл қаласындағы колледж студенттері «Zan Battle» зияткерлік-құқықтық ойынында осы қабілеттерін сынады. Іс-шара «Заң мен тәртіп» республикалық идеологемасы мен мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
«Zan Battle» зияткерлік ойыны Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өтті. Білім бәсекесіне Петропавлдағы бірнеше колледждің студенттері жиналды. Жастар бес адамнан үш командаға бөлініп, өзара бақ сынасты. Әр топқа күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайлар мен құқықтық тәртіптің өзекті мәселелеріне негізделген арнайы тапсырмалар берілді.
СНХР: АРАМ – СҚО ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ
Тапсырмаларды орындау барысында студенттер логикалық ойлау қабілеті мен зеректігін танытып, өз пікірлерін нақты дәйектермен қорғай білді. Қатысушылар түрлі өмірлік жағдаяттарды саралап, мәселені шешудің тиімді тетіктерін ұсынды. Сонымен қатар әр топ өз шешімін дәлелдеп, қатарластарына құқықтық кеңестер қамтылған қысқаша ақпараттық жадынамалар да әзірледі.
СНХР: МАЛИКА ЕСІРКЕПОВА – МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖДІҢ СТУДЕНТІ
Ұйымдастырушылардың пікірінше, сайыс барысында жинақталған тәжірибе студенттердің құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, түрлі жағдайда саналы шешім қабылдап, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауына жол ашады.