Негізгі Жаңалықтар Ұлттық лига: Қызылжарлық "Қуаныш" волейбол командасы жеңімпаз атанды

Ұлттық лига: Қызылжарлық "Қуаныш" волейбол командасы жеңімпаз атанды

Қызылжарлық «Қуаныш» әйелдер волейбол командасы кезекті матчта Қарағанды құрамасын ойсырата жеңді. Алаң иелері үш партия бойы қарсыласқа мүмкіндік бермей, турнир кестесіндегі көшбасшылық орнын бекіте түсті. Тартысты кездесудің ең қызықты сәттері әріптесімнің бейнематериалында.

Жаңа маусымға «Қуаныш» волейбол клубы жаңарған құраммен және үлкен дайындықпен келді. Ұжымның тізгіні түркиялық тәжірибелі маман Саим Пакканға сеніп тапсырылған. Соңғы екі ай бойы волейболшылар физикалық әрі тактикалық дайындықты күшейтіп, жаңа бапкердің ойын жүйесін толық меңгерді.

ДАСТАН ӘБІЛМАЖИНОВ, ТІЛШІ:

 Ойынның алғашқы сәттерінен-ақ алаңда қарқын жоғары болды. «Қуаныш» ойыншылары басымдықты бірден өз қолдарына алуға ұмтылды. Назерке Ізбасханның добынан кейін 24 жастағы ресейлік 8-ші нөмірлі ойыншы Татьяна Костина есеп ашты. Қарағандылық ойыншыдан шыққан доп аутқа кетіп, алғашқы ұпай алаң иелеріне жазылды.

Ал бірінші партияның түйінін 9-нөмірлі Назерке Ізбасхан шешуші соққысымен қойып, команда қоржынына ұпай салды. Бірінші партия 25:18 есебімен аяқталып, ал жалпы есепте жерлестеріміз 1:0 есебімен алға шықты.

Екінші партияның алғашқы ұпайын 17-нөмірлі сербиялық ойыншы Анет Альфонсо Беннитес еншіледі. Қарсыластар таразы басын теңестіруге қанша тырысқанымен, «Қуаныш» ойыншылары шабуылда да, қорғаныста да мықты ойын өрнегін көрсетті.

Екінші партияның шешуші сәттерінің бірінде Қарағанды құрамасының 6-нөмірлі ойыншысы Наталья Хазова допқа тым қатты соққы жасап, тактикалық қателік жіберді. Бұл мүмкіндікті мүлт жібермеген алаң иелері тағы бір маңызды ұпайды еншіледі. 

Екінші партия 25:21 есебімен аяқталып, есеп 2:0-ге жетті.

 ДАСТАН ӘБІЛМАЖИНОВ, ТІЛШІ:

 Үшінші партияда да алғашқы ұпайды «Қуаныш» командасы алды. Дегенмен бұл кезеңде Қарағандылықтар есе қайтаруға тырысып, есеп айырмасын барынша қысқартты. Қонақтар шабуылды үдеткенімен, біздің волейболшылар оған төтеп бере білді.

Шешуші сәтте сербиялық Мила Дордевичтің шебер пасынан кейін Назерке Ізбасхан нүкте қойып, матчтың соңғы жеңіс ұпайын еншіледі. Үшінші партия - 25:22, мачтың қорытындысы 3:0 есебімен аяқталды. 

Бұл табыстан кейін ұжым турнир кестесіндегі үздік үштіктегі орнын нығайтты. Қазіргі уақытта «Қуаныш» көш басындағы Ақтөбенің «Тұраны» мен Талдықорғанның «Жетісу» командаларынан кейінгі орында келеді.

Солтүстікқазақстандық волейболшылар үшін биылғы маусымның басты мақсаты — ел чемпиондығын жеңіп алу. 


Бөлісу