Негізгі Жаңалықтар Сот процесі жалғасуда: басты талап — пәтер

Сот процесі жалғасуда: басты талап — пәтер

Петропавлда «KZ» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің төрағасы Александр Фоминге қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Оған аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылған. Тергеу нұсқасы бойынша, тұрғын үй кешенін салуға қаржы құйған үлескерлердің қаражатына қатысты заң бұзушылықтар болған. Іс бойынша жүзден астам жәбірленуші бар. Құрылыс 2021 жылы басталып, нысанды 2024 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған. Алайда мердігермен туындаған мәселелер мен қаржылық қиындықтарға байланысты жұмыс тоқтап, тұрғын үй кешені уақытында аяқталмаған. Үлескерлердің бір бөлігі құрылысты жалғастыру үшін қосымша қаражат салу қажеттігі айтылғанын жеткізген.

Бүгінгі сот отырысында жәбірленушілерден жауап алынды. Олардың басым бөлігі үшін басты талап – ақшаны қайтарып алу емес, салынған үйден пәтер алу. Бірнеше үлескер пәтер құнын толық төлегенін айтып, құрылыс аяқталып, нысан пайдалануға берілсе, қаражатын қайтаруды талап етпейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар, кейбір жәбірленушілер ақшаны қайтару нұсқасын да қарастыратынын айтты. Алайда бұл жағдайда қаражаттың толық көлемде, оның ішінде инфляцияны ескере отырып өтелуін қалайды. Сотта жәбірленушілердің бірқатары Александр Фоминді алаяқ деп санамайтынын да жеткізді. Айта кетейік, айыпталушы тағылған айыпты мойындамайды. Оның айтуынша, құрылыс бастапқыда жоспарға сай жүрген, ал нысанның тоқтап қалуына мердігермен арадағы мәселелер себеп болған. Сотта үлескерлердің қаражаты қалай жұмсалғаны, келісімшарттар мен төлемдер, сондай-ақ айыптау тарапы келтірген залал көлемі жан-жақты қаралуда.


Бөлісу