Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Қазақстанның жаңа конституциялық архитектурасы: өңірлердің көзқарасы» атты Ұлттық сарапшылық алаңының отырысы өтті. Жиында жаңа Конституцияның жүзеге асырылуы, алдағы Құрылтай сайлауы және өңірлердің саяси реформалардағы рөлі талқыланды. Іс-шараға азаматтық қоғам, ғылыми орта, қоғамдық кеңестер мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Сарапшылардың айтуынша, 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы жаңа Конституцияны іс жүзінде жүзеге асырудағы маңызды кезеңнің бірі болмақ. Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін саяси партиялар сайлауалды науқанға дайындықты бастады. Партиялар өздерінің съездерін өткізіп, сайлауалды бағдарламалары мен кандидаттар тізімін бекітті.
СНХ: ЖАНДОС ШАЙМАРДАНОВ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Жаңа саяси жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі – Құрылтайдың бір палаталы орган ретінде жұмыс істеуі. Бұл саяси партиялар мен депутаттардың жауапкершілігін арттыра түседі. Сонымен қатар партиялық тізімдерде өңірлердің өкілдігі күшейіп, жастар мен әйелдердің қатысуына ерекше назар аударылғаны айтылды.
СНХ: ДАРИҒА СМАЙЫЛОВА – «АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ» РҚБ СҚОФ ЖЕТЕКШІСІ
Кездесуде жаңа мемлекеттік институттардың қызметіне де басымдық берілді. Сондай-ақ өңірлердің пікірін орталық деңгейдегі реформалармен үйлестіру мәселесі сөз болды. Ұлттық сарапшылық алаңы аясында айтылған ұсыныстар мен пікірлер жинақталып, саяси реформаларды жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды әзірлеуге негіз болады. Мамандардың пікірінше, өңірлердің белсенді қатысуы жаңа конституциялық модельдің тиімді жұмыс істеуіне және халықтың мүддесін толыққанды ескеруге мүмкіндік береді.