Мұрағат құжаттарында ғана емес, жеке заттарда, фотосуреттер мен куәгерлердің естеліктерінде сақталған тарих. Тайынша ауданындағы Озерное ауылында 1930-жылдары Солтүстік Қазақстанға күштеп қоныс аударылған поляк арнайы қоныстанушыларының тағдырына арналған музей көп жылдан бері жұмыс істеп келеді. Экспозиция олардың ауыр жолын, жаңа жерде өткен алғашқы жылдарын және сол қайғылы кезеңнің тарихи жадын сақтап қалған жандардың өмірін баяндайды. 

Тайынша ауданындағы Озерное ауылының тарихы 1936 жылдан бастау алады. Сол жылы Батыс Украина аумағынан мыңдаған поляк Солтүстік Қазақстанға күштеп жер аударылды. Мұрағат деректеріне сәйкес, 1938 жылдың 1 қаңтарында ауылда бір жарым мыңнан астам адам тұрған. Алайда зерттеушілер алғашқы қоныстанушылар саны екі мыңға жуық болған деп болжайды. Алғашқы жылдар өте ауыр өтті. Қатал климат, тұрмысқа қажетті жағдайдың болмауы мен аштық салдарынан өлім-жітім көбейіп, әсіресе балалар мен қарттар көп көз жұмды. Бұл депортацияның басты себебі – адамдардың ұлты болды. Олар тек поляк болғаны үшін ғана жер аударылды.

СНХР: ВАЛЕНТИНА ВИТКОВСКАЯ – МУЗЕЙ МЕҢГЕРУШІСІ, ӨЛКЕТАНУШЫ

 Озерное ауылындағы музей экспозициясында арнайы қоныстанушылардың өмірінен сыр шертетін түпнұсқа жәдігерлер сақталған. Көптеген экспонат – поляк отбасылары жер аударылған кезде өздерімен бірге ала келген жеке заттар. Жиналуға небәрі бірнеше күн ғана берілгендіктен, адамдар ең қажетті дүниелерін – киім-кешек, тұрмыстық бұйымдар, ауыл шаруашылығы құралдарын, тіпті үй жануарларын да алып шыққан. Батыс Украинадан Солтүстік Қазақстанға дейінгі жол екі айға жуық уақытқа созылып, мыңдаған отбасы үшін үлкен сынаққа айналды.

СНХР: ВАЛЕНТИНА ВИТКОВСКАЯ – МУЗЕЙ МЕҢГЕРУШІСІ, ӨЛКЕТАНУШЫ

Мұрағат мәліметтері бойынша, арнайы қоныстанушылар мінген алғашқы эшелондар Тайынша станциясына 1936 жылдың 3 маусымында келген. Келесі пойыздар 4 және 5 маусымда жетсе, ең көп қоныстанушы 6 маусымда жеткізілген. Болашақ Озерное ауылы тұрғындарының басым бөлігі Винница облысынан, әсіресе Волочиск ауданындағы Тарноруда мен Каневка ауылдарынан келген. Музей қызметкерлерінің айтуынша, адамдарды бір-біріне жақын қоныстандыруға тырысқан. Бұл жаңа жерде өмірді бірге бастауға мүмкіндік берген. Алғашқы айлар өте ауыр болды. Болашақ Озерное ауылының орнында үй де, ағаш та, ешқандай инфрақұрылым да болмаған. Қатал қысқа төтеп берудің жалғыз жолы жеркепе салу еді. Қоныстанушылар оларды қолда бар материалдардан тұрғызды. Бұл іске көрші қазақ ауылдарының тұрғындары да қол ұшын созып, қолындағы барымен бөлісті. Бүгінде алғашқы жеркепелердің картасы мен сақталған жәдігерлер ауыл тарихының қалай басталғанын еске салады.

СНХР: ВАЛЕНТИНА ВИТКОВСКАЯ – МУЗЕЙ МЕҢГЕРУШІСІ, ӨЛКЕТАНУШЫ

 Алайда жаңа қоныстағы өмір де көптеген отбасы үшін тыныш болмады. Жылдар өте келе Озерное тұрғындарының бір бөлігі қайтадан тұтқындалып, олардың отбасылары жақындарын қайта көрмеді. Бүгінде сол қайғылы оқиғаларды мұрағат құжаттары мен куәгерлердің естеліктері ғана еске салады.

СНХР: ВАЛЕНТИНА ВИТКОВСКАЯ – МУЗЕЙ МЕҢГЕРУШІСІ, ӨЛКЕТАНУШЫ

 Қазір Озерное ауылындағы музей алғашқы қоныстанушылардың өмірінен сыр шертетін құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап келеді. Мұнда 1930–1940 жылдардағы тұрғын үйдің іші сол күйінде қайта жаңғыртылған. Қолдан жасалған жиһаздар, тұрмыстық заттар, сол дәуірдің киімдері қойылған. Экспозицияда ағаш шкафтар, сандықтар, ұршық, асүй бұйымдары және ауылдың алғашқы тұрғындары пайдаланған басқа да заттар бар. Бұл жәдігерлердің басым бөлігін музейге қоныстанушылардың өздері мен олардың ұрпақтары табыстаған. Соның арқасында сол кезеңнің тарихы тек құжаттарда ғана емес, күнделікті тұрмыс заттарында да сақталып отыр.

Бүгінде Озерное ауылындағы музей Қазақстандағы поляк арнайы қоныстанушылары тарихының басты сақтаушыларының бірі саналады. Әрбір жәдігер, мұрағат құжаты мен куәгерлердің естелігі бір ғасырға жуық уақыт бұрынғы оқиғаларды қайта жаңғыртып, туған жерінен жырақта өмірді қайта бастауға мәжбүр болған адамдардың қайсарлығын еске салады. Қоныстанушылардың ұрпақтары мен музей қонақтары үшін бұл жер – тарихи жадының, өткенге деген құрметтің және қиын-қыстау кезеңде адамдық қасиетті сақтап қалған жандарға деген ризашылықтың символы.